О. Бектенов Халықаралық велосипедшілер одағының басшысымен кездесті
Олжас Бектенов Халықаралық велосипедшілер одағының басшысы Давид Лаппартьенмен кездесіп, елімізде велоспортты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды 24KZ.
Үкімет басшысы Қазақстан UCI-мен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Ал Давид Лаппартьен елімізді велоспорт бойынша: «Азиядағы ең мықты мемлекеттердің бірі», - деп баға берді. Сонымен бірге Қазақстанда мықты велошабандоздар көп екеніне тоқталып, халықаралық аренада тұғырдан көрініп жүргенін атап өтті. Кездесу соңында қос тарап велоспортты дамыту жөнінде бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Айта кетейік, бүгінде бұл спорт түрімен елімізде 9 мыңнан астам адам айналысады.