Президенттің Нью-Йоркке сапары келелі кездесуге толы болды

Келісссөздер барысында саяси серіктестіктен бастап, экономикалық ықпалдастыққа дейін мұқият талқыланды. Маңызды құжаттарға қол қойылды. 

Нью-Йорктың саяси һәм экономикалық тіршілігі қайнап тұр. Мұнда 200-ге жуық елден делегат келді. Аузын айға білеген алпауыт компаниялар да осында. Бұл - жолы тоғыса бермейтін тараптардың кездесуіне таптырмас мүмкіндік. Манхэттендегі мәміле алаңын Қазақстан да пайдаға жаратуға ниетті. Тиісінше, Президент кестесі тығыз. Ең бастысы, келіссөздер келісімге ұласып жатыр. Мысалы Антониу Гутерришпен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев Бас Ассамблеясы сессиясының күн тәртібін талқылап болған соң, Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметі туралы меморандумға қол қойылды.

Әрі қарай Қасым-Жомрт Тоқаев Владимир Зеленскиймен кездесті. Украина Президент өз еліндегі жағдайға байланысты көзқарасын жеткізді. Ал Мемлекет басшысы қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмысты жалғастыру қажет екеніне назар аударды.

Кездесулер кезегін Черногория Президенті Яков Милатович жалғады. Қазақстан достыққа дем беруге ниетті, оған Балқан түбегіндегі серіктес те қарсы емес. Яков Милатович екіжақты байланыстарды дамытқан Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президентімен де келіссөз жүргізді. Еуропа Одағымен арасында сауда һәм саяси серіктестік қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жалғастыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан АҚШ Үкіметімен және іскерлік орта өкілдерімен тиімді ықпалдастық орнатуға бейіл. Бұл туралы Президент АҚШ Сауда палатасының президенті және бас атқарушы директоры Сюзанн Кларкпен кездесуінде мәлімдеді. Өз кезегінде палата жетекшісі экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті мол екенін растады. Кейін тараптар бірлескен жобалар жайын қаузады.

Ал бұл бағыттағы байланыс аз емес. Мысалы, ExxonMobil корпорациясы 30 жылдан аса уақыт энергетикадағы сенімді серіктес саналады. Теңіз және Қашаған кен орындарын игеріп отыр. Корпорация жетекшісі саланың перспективасы жайлы айтты.

Келіссөз Сitigroup компаниясының бас атқарушы директорымен жалғасты. Джейн Фрейзермен елімізде ауқымды жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды.

Ал Бразилиялық Embraer компаниясы Қазақстанда ұшақтарға техникалық қызмет көрсететін өңірлік сервистік орталық ашуы мүмкін. Франсиско Гомес Нето ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

Мәміле алаңына FIFA президенті де келді. Тараптар футболды дамыту бағытында әңгімелесті. Джанни Инфантино бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады.