Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары барысында 11 құжатқа қол қойылды

Америка мен Қазақстанның ірі компаниялары арасындағы келісімнің жалпы құны 5,2 миллиард доллар.

Бұл туралы Президенттің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді. Құжаттар көлік-логистика, энергетика және ақпараттық технологиялар сияқты стратегиялық тұрғыдан маңызды салаларды қамтиды. Келісімдер «Қазақтелеком», «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «ҚазМұнайГаз», Amazon Kuiper, International Finance Corporation, Lummus Technology, Exxon Мobil, Chevron, LanzaJet және Wabtec, сондай-ақ АҚШ-тың экспорт-импорт банкі сияқты компаниялар мен қаржы ұйымдары арасында жасалды. Жалпы сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттермен, премьер-министрлермен, министрлермен, халықаралық ұйымдардың және компаниялардың жетекшілерімен 20-дан астам кездесуі өтті.

«Онда ауыл шаруашылығы, білім беру, спорт, инвестициядан бастап жасанды интеллектіге дейінгі көптеген бағытты қамтитын мәселелер талқыланды», - деп атап өтті Руслан Желдібай.