Жасанды интеллект – ортақ игілік

Президент жоғары мінберден жасанды интеллектінің рөлі жайында да сөз қозғады.

Қазақстан жасанды интеллектіні тек технологиялық жетістік емес, адамзат дамуына серпін беретін үлкен табыс санайды. Бірақ оның қауіпті тұстары да бар – деді, Мемлекет басшысы. Яғни технологиялық, экономикалық және геосаяси теңсіздікті күшейтуі мүмкін. Сондай-ақ этикалық нормаларды ескермеу қауіпті. Сондықтан әділеттілік, жауапкершілік және адам құқықтарын қорғау мәселесін дер кезінде шешу қажет. Ол үшін барлық елдер жасанды интеллектінің артықшылықтарын бірдей пайдалана алатындай бірлесіп әрекет етуге тиіс.    

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан БҰҰ аясында Жасанды интеллектіні басқару бойынша жаһандық диалогтың басталуын қолдайды. ЖИ саласындағы қауіпсіздік, инклюзивтілік және адамға бағдарлану міндетті түрде ескерілуі үшін аталған платформа жұмысына белсенді түрде атсалысуға дайынбыз. Қазақстанда жасанды интеллект экономика мен мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық секторына енгізіледі. Қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың базалық инфрақұрылымы жасақталып жатыр. Дарынды жас мамандарымыз мұны іске асыруға әзір. Біздің стратегиялық мақсатымыз – үш жылдың ішінде Қазақстанды толық цифрланған елге айналдыру.

Жаңғыру саясатының жаңа қадамы 

Мемлекет басшысы елдегі саяси реформалар жөнінде де мәлімет берді. Әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан жаңғыру саясатын батыл жүргізіп келеді. Кейінгі 3 жылда аймақта бұрын-соңды болмаған саяси және экономикалық реформалар жасалды. Жалпыұлттық референдум нәтижесінде Президентті 7 жылға, бір мерзімге сайлау тәртібі енгізілді. Бұл демократия қағидаттарына сай жауапкершілікті күшейтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанды жаңғырту ұстанымын басшылыққа ала отырып, елімізде бір палаталы Парламент құру мәселесін жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсындым. Мақсатымыз – саяси жүйенің қоғам сұранысына сай ашықтығы мен тиімділігін арттырып, оны ұдайы жетілдіру. Бұл реформалардың басты қағидасы: Заң және тәртіп бәрінен жоғары тұруы керек.