А. Балаева «Үстірт» құжаттамасын ЮНЕСКО-ға табыс етті

Қазақстанның әйгілі Үстірт ландшафттары ЮНЕСКО мұралар тізіміне енуі мүмкін. Парижде Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі ЮНЕСКО-ның мәдениет жөніндегі Бас директорының орынбасарымен кездесті.

Аида Балаева Эрнесто Оттонеге «Үстірт» аралас мұра объектісінің номинациялық құжаттамасын ресми түрде табыстады. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан Дүниежүзілік мұра орталығына алдын ала бағалау үшін және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу мақсатында тапсырылды. Номинациялық құжаттама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленді. Мемлекет басшысы еліміздің бірегей тарихи-мәдени және табиғи нысандарын халықаралық деңгейде насихаттау қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын. Айрықша атап өтерлігі, аралас мұра объектісі посткеңестік елдер тарихында алғаш рет ұсынылып отыр. Үстірт – археологиялық ескерткіштер, дәстүрлі аңшылық тор-тұзақтар және табиғи тұтастықта үйлескен қайталанбас мәдени әрі табиғи ландшафт. Өз кезегінде Эрнесто Оттоне Қазақстанның халықаралық деңгейде мәдени бастамаларды ілгерілетудегі үлесін жоғары бағалап, ЮНЕСКО тарапынан номинацияларды дайындау және креативті экономиканы дамытуға сараптамалық қолдау жалғасатынын атап өтті.

Эрнесто Оттоне, ЮНЕСКО Бас директорының Мәдениет жөніндегі орынбасары:

- Кездесу барысында атап өткендей, Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы қарым-қатынастар әрқашан достық, сындарлы әрі жемісті болып келеді. Бүгінгі кездесу – ынтымақтастықтың қазіргі және болашақ жобаларын, сондай-ақ Қазақстан ұсынған жаңа нысандарды дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу мүмкіндігін талқылауға жақсы мүмкіндік. Біз сарапшылардың өтінімді жақын арада қарап, бұл процесті алға жылжытатынына үміттіміз. Қазақстанмен ынтымақтастығымыздың жылдар бойы табысты дамып келе жатқанына өте қуаныштымыз.

Кездесу нәтижесінде тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге өзара мүдделілік барын растады. Жұмыс сапары аясында Аида Балаева ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтетін еліміздің белгілі композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған салтанатты концертке де қатысады.