Мемлекет басшысы Омар Әл-Оламамен кездесті

Мемлекет басшысы БАӘ Жасанды интеллект мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрімен және Абу Даби Денсаулық сақтау департаментінің төрағасымен кездесу өткізді.

Digital Bridge 2025 халықаралық форумы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Әл-Оламамен және Абу Даби Денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим әл-Мансуримен кездесті.

🟦Әңгімелесуде Қазақстан мен Әмірліктер арасында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективасы қарастырылды.

🟦Мемлекет басшысы БАӘ жасанды интеллект технологияларын қолдану және дамыту ісінде әлемдік көшбасшы саналатынын айтты. Сонымен қатар бірлескен күш-жігердің арқасында ІТ секторында бірқатар маңызды жобалар іске асырылғанына тоқталып, әріптестікті одан әрі нығайтуға ниет танытты.

🟦Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллектіге маманданған әрі ғылыми зерттеу мен әзірлемелерге басымдық беретін университет ашу жоспарымен бөлісті. Осы орайда әлемдегі алғашқы ІТ университетті құрған БАӘ тәжірибесін зерделеудің өзекті екенін жеткізді.

🟦Кездесуде Smart City бірлескен жобасына ерекше мән берілді. Бүгінде бұл жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

🟦Президенттің айтуынша, аталған жоба екіжақты серіктестікті дамытудың маңызды кезеңіне жол ашады.