Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин төрағалық еткен жиында 2022-2026 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының орындалу барысы талқыланды. Тұжырымдаманы іске асыру аясында Президенттің екі Жарлығы, он заң және Үкімет қаулысы, мемлекеттік органдардың жүзге жуық бұйрығы қабылданды. Бұл шаралар елімізде жемқорлықтың алдын алудың тиісті тетігін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ерлан Қарин Тұжырымдаманы іске асыру мерзімі аяқталуға таяп қалғанын және осы салада жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеу керек екенін еске салды. Бұл ретте ол "қазіргі жағдайға талдау жүргізіп, халықаралық озық тәжірибені және заманауи үрдістерді ескеру маңызды" деді. Сондай-ақ жиында Жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттер тобының (ГРЕКО) ұсынымдары пысықталды. Жиын соңында Ерлан Қарин «Заң және тәртіп» қағидатын одан әрі орнықтыра түсу сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды іске асырудағы маңызды бағыт екенін жеткізді.