Финляндия қазақстандық уранның жаңа нарығына айналуы мүмкін

Отандық уран үшін жаңа нарық. Еліміз бейбіт атом саласында алдыңғы қатарда тұрған Финляндияға өз өнімін жеткізуге дайын. Осылайша қос мемлекет ынтымақтастық аясын кеңейтуге ниетті. Осы және өзге де мәселелерді бүгін Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Финляндия президенті Александр Стубб пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егжей-тегжейлі талқылады. Тараптар қаузаған мәселе көп. Негізгі басымдық - экономика мен цифрландыру сынды өзекті бағыттар. 

Әлемдегі ең бақытты елдің басшысы – Александр Стубб. Былтыр ғана президент атанған саясаткердің бұл лауазымда Қазақстанға алғаш рет сапарлап келуі.

Бұған дейін екі ел басшылары БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Нью-Йоркте кездескен болатын. 

Риат Шони, тілші:

- Финляндия – табиғи байлығы аз, бірақ ақылға бай ел. Мұнда мұнай да, газ да жоқ, алайда инновация мен білімге сүйеніп, әлемнің дамыған экономикаларының қатарына қосылған. Экономикасының негізі – шағын және орта бизнес. Ал 1990-жылдары Nokia телефоны Финляндия экспортының негізгі қозғаушы күші болды. Бүгінде скандинав елінің тәжірибесін Қазақстан да тиімді пайдаланып келеді. Соңғы 20 жылда елімізге тартылған фин инвестициясы 486 млн доллардан асты. Қазір фин капиталы бар 70-тен астам компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп келеді. Екі ел де бизнес әріптестігін кеңейтуге мүдделі.

Мұндай ниет бар екенін Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия басшысына шағын құрамда жүргізген келіссөзі барысында жеткізді.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар. Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның орны ерекше. Бүгін аталған жиынға қатысамын. Бұл кәсіпкерлеріміздің іскерлік байланыстарды өрістетуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұдан бөлек гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Қазақстандықтар Финляндияны, сіздердің салт-дәстүрлеріңіз бен мәдениеттеріңізді құрметтейді.

Финляндия Президенті осы сапары барысында өзара қарым-қатынас пен іскерлік байланыстарды нығайту бағыттарына басымдық беріп отыр. Сондықтан да Қазақстанға үлкен делегациямен ат терлетіп келген екен.

Александр Стубб, Финляндия президенті:

- Оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сияқты танымал фин брендтерін көрдім. Бұл бізді қуантады. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біршама мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз.

Қазақстан мен Скандинавия елі арасындағы сауда айналымы әзірге бәсеңдеу. Былтыр бұл көрсеткіш 170 млн доллардан асқан. Тараптар бұл сандарды еселеп арттыру мүмкіндігін де қарастырды. Негізі Финляндия жасыл технологияға басымдық берген ел. Баламалы қуат көздері мен атом энергиясын сәтті пайдаланып отыр. Ал уран өндірісі бойынша әлемдік лидер саналатын Қазақстан өз өнімдерін Скандинавияға да экспорттауды көздеп отыр.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы:

- Фин заңнамасы уранды өндіру, тиісті қондырғыларды басқару, пайдалану мәселесін қатаң реттейді. Бұл тәжірибе біз үшін сөзсіз қызықты. Біз өз уранымызды экспорттау нарығын кеңейтуге мүдделіміз. Қазір Финляндия тарапы қызығушылық танытып отыр. Осы сапар аясында бір келісімке келеміз деп ойлаймын.

Астана мен Хельсинки арасындағы қатынас қазір жақсы деңгейде. Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндияны еліміздің Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі саналатындығын жеткізді. Сондай-ақ Скандинавияның қалталы азаматтарын Қазақстанға шақырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін де мәлімдеді. Сонымен қатар Президент Финляндияның көптеген маңызды салаларда жеткен жетістігін атап, Қазақстанға да үлгі болатынын тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүние жүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз.

Александр Стубб, Финляндия президенті:

- Бүгінгі кездесулерге дайындық барысында делегациядағы кәсіпкерлердің бірі «Қазақстандағы өзгерістің бәрі жедел жүріп жатқанын түсіну керек. Сондықтан баяу қимылдап, бюрократияға жол беруге болмайды» деді. Бұл дамудың даңғылына түскен елдеріміз үшін қуанарлық жағдай.

Еуроодақтың белді өкілі Финляндиямен ынтымақтастық одан әрі кеңейе түспек. Александр Стуббтың елімізге жасаған алғашқы ресми сапары барысында тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдап, 15 құжатқа қол қойды. Келісімдер ядролық энергия, су ресурстарын басқару, экология, туризм және жасыл технологияларды дамыту сияқты бағыттарды қамтиды.

Риат Шони, тілші:

- Мың көлімен көрікті, әлемдегі ең бақытты ел - Финляндия. Мұндағы өмірдің мәні байлықта емес, табиғатпен және қоғаммен үйлесімде. Әр бала еркін ойлап, өз арманын іске асыруға үйренеді. Баға емес, баланың қызығушылығы маңызды саналатын фин білім жүйесі – әлем мойындаған үлгі. Ал Арктикадағы Лапландия – Санта-Клаустың мекені, балалар арманының ордасы. Тыныштық пен сенімге толы бұл елдің тәжірибесі Қазақстан үшін де өнеге. Біз де өз болмысымызды сақтай отырып, білім мен бақытқа бастайтын өз жолымызды қалыптастыра аламыз.

Авторлары: Риат Шони, Айдос Меделбеков, Асхат Серкіұлы