Президент сапарында не талқыланады?
Мәскеудегі мемлекеттік сапар серіктестікке жаңа серпіліс беру тұрғысынан ерекше мәнге ие. Қасым-Жомарт Тоқаев «Российская газета» басылымына жазған мақаласында Владимир Путинмен өтетін келіссөзге осындай баға берді.
Негізгі жаңалық - екі ел қатынасын жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы Декларацияға қол қою болмақ. Бұл құжат байланыстың жаңа дәуіріне жол ашып, тығыз ынтымаққа әзірліктің бұрын-соңды болмаған деңгейін растайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жазбада экономикалық ықпалдастыққа да ерекше тоқталған. Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп келеді. «Бұл жай ғана статистика емес — бұл өзара тиімді серіктестіктің нақты нәтижесі», - деді мемлекет басшысы. Келіссөздер кезінде атом электр станциясын салу тақырыбы тыңғылықты талқыланады. Көлік-логистика саласында да қарайтын мәселе көп. Соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі, Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолына ерекше көңіл бөлінеді.