Президент: Төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру керек

Төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру керек.

Мемлекет басшысы Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ресурстар рационалды бөлінбей реформалар толық жүзеге аспайды. Сондықтан ауылдық округтердің өзін өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілді. Нәтижесінде 2018 жылдан бері мұнда 130 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Алайда ауылдық округтер аудан мен облыстың қаржылай қолдауынсыз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді әлі де шеше алмайды. Оған қоса кейбір өңірлерде жергілікті бюджетте халықтың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымына байланысты алшақтық бар. Сондықтан жергілікті өзін өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Біз тұрақты салық түсімінің басым бөлігін жергілікті жерлерге, ең бастысы, аудандық деңгейге бердік. Бұл өте дұрыс. Десек те, жергілікті өзін өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені қазір оған тиісінше қаражат бөлінбеген. Ақиқатында кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді. Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді.