Қазақ-жапон қатынасы
Мемлекет басшысының Жапонияға сапары аясында сомасы 3,7 млрд доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.
Сыртқы салым салаларға серпін берері сөзсіз. Бұл жайлы «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Бұдан бөлек, басқосуда жасыл энергия, жасанды интеллект, ғылым, білім ісі талқыланды. ЗКТ: Қазақ пен Жапон шекарасы шектеспесіп, қойы қоралас, ауылы аралас жатпаса да күн санап байланысы беки түскен қос тарап қатынасқа қарқын қосуға бейіл. Саладағы сандарға зер салсақ, былтыр арадағы алыс-беріс көлемі 2 млрд долларға жетті. Ал бүгінге дейін күншығыстық кәсіпкерлер қазақ даласына 8,5 млрд доллар инвестиция құйған.
Сауда айналымы - $2 млрд
Инвестиция - $8,5 млрд
Алда көрсеткіш көбеймесе, кемімейді. Серіктестікке серпін беру үшін қазақ басшысы алғаш рет Жапонияға ресми сапармен барды. «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысты.
Президенттер әдетте алфавиттік реттілікпен сап түзейтін. Ал бүгін қазақ басшысы жапон премьер-министрінің жанында, оң жағында тұр. Мұның дипломатияда өзіндік мәні бар. Яғни біздің бәсіміз қатардағы мемлекеттерден биік, мәртебеміз үстем. Жиында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен қонақжайлығы үшін жапон басшысына алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Даму деңгейі тұрғысынан бірегей мегаполис саналатын Токиода ұйымдастырылған маңызды форумға қатысу Қазақстан, тіпті тұтас Орталық Азия үшін айтулы уақиға деп ойлаймын. «Орталық Азия – Жапония» диалогын құру туралы бастаманы жапон тарапы, соның ішінде бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи көтерген еді. Мұның символдық мәні зор.
Сондай-ақ қазақ басшысы ғылымы қарыштап, технологияда тыңнан түрен салып келе жатқан Жапонияның жетістіктеріне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев, бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін айтты. Жапон жұрты да қазақ тарапына жылы шырай танытаны сөзсіз. Себебі Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы еліміз арқылы өтеді. Ал мұндай мол мүмкіндіктен Күншығыс елі де қапы қалғысы жоқ. Арадағы байланысты бекем ету үшін Ақтау портындағы кедендік ресімдер жеңілдейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз. Жапония компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосса, баршамызға пайдалы болмақ.
Жиында жасыл энергия жайы да сөз болды. Бұл бағытта қазақ тарапы жапондықтармен бірлесе іс қылуға бейілді.
Айталық, Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі озық он елдің қатарына кіреді. Жаһандағы ядролық отынның 40 пайызын да біз қамтамасыз етеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру осы стратегиялық саладағы тың мүмкіндіктерге, соның ішінде инновацияларды енгізуге жол ашады. Әсіресе ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы жобалар қызығушылық тудырады.
Бұдан бөлек қос ел қазба байлықтарды барлау бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі. Себебі Азия аймағында сирек кездесетін минералдардың мол қоры бар. Ал әлем оған мұқтаж. Сондықтан, Қазақстан мен Жапония екі елге ортақ Некст-Дженерейшн Смарт Майнинг Плус жобасын жүзеге асыруға ниетті. Сондай-ақ жиында қазақ басшысы ауыл шаруашылығында бірлескен зерттеу жүргізуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытады. Осы орайда орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен Зерттеу платформасын құруды ұсынамыз. Астанада қолданбалы ғылымдар саласында ғалымдар мен зерттеушілердің алғашқы кездесуін «Орталық Азия – Жапония» форматында ұйымдастыруды ұсынамын.
Басқосуда агросектордың сөз болуы бекер емес. Ертеден егіншілікті кәсіп қылған Орталық Азияда тіршілік нәрі тапшы. Кейінгі жиырма жылда өңірде жан басына шаққанда сумен қамту көлемі шамамен 30 пайызға төмендеді. Оның үстіне су ресурстарының 70 пайызға жуығы – трансшекаралық. Сондықтан үнемдеуде жапондық тың технологияларды тұтыну маңызды. Мұны мемлекет басшысы баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан БҰҰ аясында жаңадан UN Water халықаралық ұйымын құруды ұсынды. Бұл су проблематикасымен айналысатын басқа да құрылымдардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстырады. Жапондық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін, кәсіпкерлер мен сарапшыларды келесі жылы сәуір айында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырамыз.
Білім беру ісінде де бірлесе қам-қарекет жасау қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев елде жапондық университеттерінің бөлімшесін ашуды қолдайтынын айтты. Әсіресе жасанды интеллект бағытында ортақ жобалар жүзеге аспақ. Бұдан бөлек, қазақ басшысы барыс-келісті арттыру үшін виза алуды жеңілдетуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жапониялық туристер үшін Орта Азияның бірыңғай туристік маршрутын әзірлеген жөн деп есептеймін. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің халқына визалық рәсімдерді жеңілдеткен дұрыс. Бұл жапондық туристердің бір сапарда бірнеше елді аралап шығуына мүмкіндік береді. Ал біздің азаматтарымыз Күншығыс елімен етене таныса алады.
Қош, келелі кеңесте қолжеткізілген келісім көп. Саммит соңында тараптар Токио декларациясын қабылдады. Құжат қатынасқа қарқын қосып, арадағы алыс-беріс көлемін арттыруға бағытталған. Ал келесі кездесу Қазақстанда өтеді. Оған біздің ел төрағалық етеді.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы