ЕАЭО қызметіне ЖИ технологиясын қолдану қажет

Жасанды интеллект технологиясын Еуразиялық экономикалық одақтың қызметіне енгізу қажет.

Санкт-Петербургте өткен басқосуда Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс жасады. Қазақ басшысы мұндай жүйелерді сауда ағынын жоспарлауға және кедендік баж салығының ықпалын бағалау үшін пайдалануға болатынын тілге тиек етіп, келесі кездесуде бірлескен мәлімдеме қабылдауға шақырды. Сондай-ақ, кедендегі кедергілерді азайту үшін мониторинг жасау және оған жасанды интеллекттіні қолдану қажеттігіне тоқталды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл Моңғолиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Бүгін Индонезиямен осындай мәміле жасалады. Біз мұны құптаймыз. Бұл – бірлескен жұмыстың елеулі нәтижесі. Әрі өзге елдердің Еуразиялық экономикалық одақпен сауда байланыстарын тереңдетуге қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдастығын кеңейту маңызды деп санаймыз. Сонымен қатар ШЫҰ, АСЕАН секілді басқа да маңызды ұйымдармен ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлу керек.