М. Әшімбаев: Халықпен кездесудің маңызы зор
Сенат депутаттары өңірлерге жасаған сапарын қорытындылады.
Мәулен Әшімбаев Палата Бюросының отырысында жергілікті тұрғындармен тұрақты кездесу өткізіп, мәслихатпен бірлескен жұмысты нығайту қажет деді. Сенаторлар бұл сапарында Мемлекет басшының "Turkistan" газетіне берген сұхбатында айтылған бастамаларды талқылады. Парламент қабылдаған заңдардың өзектілігін сөз етті. Мәулен Әшімбаев "өңірлерде ауқымды, белсенді жұмыс жүргізілді. Облыстар мен ауылдардағы мәселелер көтеріліп, оларға баса мән берілді. Енді сол кездесулердің нәтижесі бойынша депутаттық сауалдар жолдап, азаматтарды алаңдатқан түйткілдерді тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу және оларды шешу жолдарын бірлесіп әзірлеу қажет" деді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміздің "Түркістан" газетіне шыққан мақаласындағы тезистерді халыққа жеткіздіңіздер. Мен өзім де Қызылорда облысында болып, Қызылорда қаласында біраз кездесулер өткіздім, әр түрлі топтардың өкілдерімен. Ендігі біздің мақсатымыз - сөз кездесулерде айтылған мәселелерді пысықтап, жүйелеп, депутаттық сауалдар арқылы, Үкіметке жолдау арқылы, үкімет сағаттары арқылы, парламенттік тыңдаулар арқылы халықтың көтерген мәселелеріне байланысты дұрыс шешімдердің қабылдануына өзіміздің септігімізді тигізу.