Президент Азия елдерінің саммитінде сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Азия елдерінің саммитінде сөз сөйледі. Бүгін Қарт Каспийдің қарсы бетіндегі Бакуде жетінші саммиттің шымылдығы түрілді. Келелі жиын сары құрлықтағы саяси ахуалға ықпал етіп, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Саммитте Президент жасанды интеллект саласына кеңінен тоқталып, Көлік байланысы, өңірлік ынтымақтастық, энергетикалық қауіпсіздік тақырыптарын қаузады. Жаһандық су мәселесі де назардан тыс қалмады, деп хабарлайды 24KZ.


Әлішер Әли, тілші:

– Азия кеңесін құру бастамасын 1992 жылы біздің ел көтерді. Алғашқы саммит Алатау баурайында өтті. Алматыда кеңестің бас құжаты қабылданып, мақсаты мен міндеті бекіді. Одан кейін жиынға Түркия, Қытай мен Тәжікстан төрағалық етсе, 4 жыл бұрын тізгін қайта елімізге өтті. Ал бүгін қарт Каспийдің қарсы бетіндегі Бакуде жетінші саммиттің шымылдығы түрілді.

Әзербайжан елі саммитке 2024 жылдан бері төрағалық етеді. Осы уақыт аралығында көлік байланысын кеңейтуге, цифрландыру мен тұрақты дамуға басымдық берді. Сауда, ғылым және білім саласындағы бірлескен жұмысты да жандандыруды көздейді. Жиында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті жоғары деңгейде өткізген Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Әзербайжанның сан саладағы ілкімді істерін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер саны 29-ға жетті. Бүгін қатарға Лаос қосылды. Президент ұйымға мүше елдерде әлем халқының жартысына жуығы барын айтып, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Келелі жиын сары құрлықтағы саяси ахуалға ықпал етіп, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын тағы еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Болашаққа бағытталған ұйым түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керек. Президент қаузаған тақырыптардың бірі жасанды интеллект. Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологиясын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды көздейтін Вашингтон моделін құптайтынын айтып, ұйымның бес бағытына осы мәселені қосуды ұсынды. Бұдан бөлек, Азия мен Еуропаны байланыстыратын талшықты-оптикалық байланыс желісіне тоқталды. Көлік байланысы, өңірлік ынтымақтастық, энергетикалық қауіпсіздік тақырыптары да назардан тыс қалмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Азия мен Тынық мұхиты аймағында әлем халқының 60 пайызы тұрады. Алайда жаһандық су ресурстарының небәрі 35 пайызы осы өңірге тиесілі. Президент келелі кеңесте бұл түйткілге де басымдық берді. Тіпті халықаралық су ұйымын құру туралы бастаманы Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның атынан бірлесіп ілгерілетуге болатынын айтты. Азия жалпы ішкі өнім мен сауда мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ретінде мойындалды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқаны бұған дәлел. Мемлекет басшысы адами капитал мен жас ұрпақтың болашағына назар аударып, Қазақстан ұйымға мүше барлық ел студенттеріне стипендия бөлуге дайын екенін айтты.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен де кездеседі. Басшылар қос ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жайын қаузайды. Бүгінде қос ел көлік-логистика, энергетика және цифрландыру сынды сан салада бірлесе жұмыс атқарып келеді. Биылғы жылдың алты айында тауар айналымы 250 млн АҚШ долларынан асты. Қазақстан астық, алюминий, металл, химикаттар мен мұнай жеткізеді. Ал Әзербайжаннан көлік құрастыруға арналған жабдықтар, полиэтилен және азық-түлік өнімдерін сатып аламыз. Кездесуде Президенттер серіктестікке тың серпін береді деген сенім мол.

Сондай-ақ оқыңыз: