Елімізде 400 мың тұрғын табиғи газға қосылды
Былтыр 400 мыңға жуық тұрғыны бар 112 елді мекен табиғи газға қосылды. Бұл туралы мемлекет басшысының қабылдауында болған «QazaqGaz» компаниясының басшысы Әлібек Жамауов мәлімдеді.
Ол Президентке былтыр атқарылған жұмыс нәтижесін баяндады. Салада геологиялық барлау мен құрылысты жандандыруға баса назар аударылған. Атап айтқанда Талдықорған – Үшарал газ құбыры іске қосылып, жұмыс жоспардан 1 жыл 4 ай ерте аяқталды. Нәтижесінде Жетісу облысында 84 елді мекен көгілдір отынға қосылды. Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар да айтылды. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісі, Қашағанда жылына 1 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт салу барысы баяндалды. Қазір «Бархан» кен орны іске қосылып, Жамбылдағы «Малдыбай» кен орнында жұмыс жүріп жатыр. Сонымен қатар, Астана қаласы мен агломерациясын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Кездесуде саланы цифрландыру мәселесі көтерілді. Президент жылу маусымында газбен тұрақты қамтамасыз етуді және цифрлық технологиялар енгізуге қатысты міндет жүктеді.