Мәжіліс төрағасы: Парламентке толық дербестік беріледі
Парламентке толық дербестік беру – либералды бастама. Сондықтан мұны халықаралық саяси ұйымдардың қолдайтыны анық - деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов құрылтайда көтерілген мәселе бойынша пікір білдірді. Саяси жүйені қайта қарауға жол ашылғанын айтты. Партиялардың институционалдық рөлі күшейтіліп, заң шығару үдерісі кәсібиленетінін жеткізді. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы одан әрі нығая түспек.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекет басшысының президенттік квотадан бас тартуы, Ассамблея квотасын алып тастауы – Парламентке толық дербестік беру дегенді білдіреді. Ең бастысы бұл либералды бастаманы халықаралық саяси ұйымдар қолдайтыны анық. Халқымыздың тарапынан да кеңінен қолдау тапқанына көзіміз жетіп отыр. Ол әлемдік тәжірибеге, жаһандық конвенцияларға толық сәйкес келеді. Бір сөзбен айтқанда, отандық парламентаризм тарихында батыл да демократиялық қадамдар жасалып жатыр.