Волонтердің цифрлық паспорты жасалады
Президент еріктілер ісін дамыту бойынша Үкіметке тапсырма берді. 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірленуі тиіс.
Себебі биыл волонтерларға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондай-ақ волонтердің цифрлық паспорты енгізіледі. Президент олардың қызметінде жаңа технологияларды кеңінен пайдалану керегін атап өтті. Оның үстіне Қазақстанды үш жылда толық цифрлық елге айналдыру бойынша айқын мақсат бар. Демек еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмау керек. Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлар алдында халықаралық ықпалдастықты арттыру міндеті тұрғанын да айтты. Ол үшін тәжірибе алмасып, бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет. Мәселен, биыл Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл және Арал маңындағы табиғатты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік апталықтар өткізу көзделген.