Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысы өтті
Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңының «Саяси жаңғыру: Әділетті Қазақстанның конституциялық моделі» тақырыбына арналған отырыс өтті.
Кездесуге қатысушылар мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңіне өту кезінде конституциялық реформаның мәні мен мазмұнын, оның саяси жүйені жаңғыртудағы және мемлекеттік құрылымның жаңа моделін қалыптастырудағы рөлін талқылады. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды конституциялық өзгерістер мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңіне өту үшін жасалған қадам және қоғамның саяси жүйені жаңартуға қатысты сұранысына берілген жауап екенін атап өтті. Мәулен Әшімбаев реформаның маңызды бағыты елдің жоғарғы заң шығарушы органының өкілеттіктерін кеңейтуді және рөлін күшейтуді көздейтінін айтты. Реформа аясында мемлекет пен қоғам арасындағы келісім және диалог институты ретінде Халық кеңесін құру ұсынылғанына ерекше назар аударылды. Аталған алаңда идеология, құндылықтар мен ұлттық бірлік мәселелері талқыланып, Кеңеске заң шығаруға бастамашы болу құқығы беріледі. Вице-Президент лауазымын енгізу және Конституцияның преамбуласын жаңарту туралы бастамалар арқылы мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын көрсетіп, Әділетті Қазақстан құруды ең жоғары мақсат ретінде белгілеу көзделіп отыр.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жуырда өткен отырысында ауқымды Конституциялық реформалар туралы айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталатынын жеткізді. Бұл саяси жүйемізге тек түзетулер мен толықтырулар енгізу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл әлемдегі қазіргі сын-қатерлерге бейімделу арқылы түбегейлі жаңғыруға қадам басу екені анық. Сондықтан осындай маңызды сәтте бірлігімізді бекемдеп, Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістерді жүзеге асыруда жұдырықтай жұмылу айрықша мәнге ие.