Түркістанда жаңа Конституция жобасы талқыланды
Түркістан облысында Конституциялық реформалардың негізгі басымдықтары мен өзгерістері талқыланды.
Өңір активі бас қосқан жиынға аймақ басшысы Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, елімізде аса маңызды саяси реформалар жүріп жатқанын атап өтті. Жиында жаңа Конституция жобасы талқыланып, көпшілікке түсіндірілді. Қатысушылардың ұсыныстары да тыңдалды.
Жиында Конституциялық комиссияның мүшесі, облыстық Мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов ел болашағы үшін жасалып жатқан ауқымды реформа еліміздің саяси-құқықтық және қоғамдық дамуына оң серпін беретінін атап өтті. Азаматтардан түскен екі мыңнан астам ұсыныс жан-жақты қаралғанын жеткізді.
Нұралы Әбішов, облыстық Мәслихат төрағасы:
- Жалпы Конституция нормаларының 86 пайызына өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Табиғатты қорғау, экологияны сақтау, мәдениет пен рухани құндылықтарды, ғылым мен білім, инновацияны дамыту Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс тапты. Адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне, неке мен отбасы құндылықтары күшейтілді.
Ата заң күнде өзгермейді. Сондықтан конституцияға енгізілген өзгерістерге қатысты түрлі ұйымдар мен азаматтық белсенділер, сарапшылар мен ақсақалдар өз пікірін білдіріп, ұсыныстарын айтты.
Төрегелді Қалмұратов, «Ауыл» партиясы өңірлік филиалының төрағасы:
- Біз «Ауыл» партиясы өз ұсыныстарымызды бердік. Барлық ұсынстарымыз осы халықтың игілігі үшін. Қазақтың болашағы үшін жасалып отырған дүние.
Жамалбек Шәріпбек, Түркістан облысының «Құрметті азаматы»:
- Ауыл төңерегіндегі барлық мәселені ауыл әкімі шешсе, одан түсетін салықтық түсімдері сол ауыл әкімінің билігінде болса, қазір енді біраз түсімдер түсіп жатыр ғой. Соның өзі ауыл төңірегінде жеткіліксіз. Сонда талап күшейеді ғой деп ойлаймын.
Жаңа Ата Заңға қатысты еліміздің кез келген азаматы ұсыныс жолдай алады. Конституцияның жаңа жобасы бойынша енгізілетін өзгерістер көптің дауыс беруімен жалпыұлттық референдумда қабылданады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш