Қарағандыда жаңа Конституция жобасы талқыланды

Жарияланған Конституция жобасы ашық форматта, қоғамның тікелей қатысуымен әзірленді.

Бұл еліміздегі саяси мәдениеттің қалыптасып келе жатқанының көрінісі, - дейді өңірлердегі ғалымдар мен қоғам белсенділері. Олардың пікірінше, Ата Заңның жаңғыртылуы - ел дамуындағы келесі эволюциялық кезеңге бағыт-бағдарымызды айқындайды. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде облыс активтерінің Конституция жобасын талқылау бойынша отырыс өтті.

Конституцияның жаңа жобасы соңғы алты ай бойы белсенді талқыланып, 77 бапты қамтитын ауқымды өзгерістер енгізіліп отыр. Бұл заң мен тәртіпті күшейтуге, әділетті қоғам қалыптастыруға, және ел экономикасының тұрақтылығы мен дамуына негіз болады. Жаңа Ата заң жобасын әзірлеуде халықтан түскен 2 мыңнан астам ұсыныс ескерілген.

Серік Санаубаев, облыстық Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы:

- Қазір барлығын көріп, біліп жатырмыз. Дүниежүзінде қандай процестер болып жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы тұрғыдан алып қараған кезде жаңа Конституция болғаны өте дұрыс. Себебі өзімізге болашаққа бағыт-бағдар анықтап алуымыз керек. Менің ойымша, идеологиялық тұрғыда өте жақсы Президенттің ұсыныстары енгізілді. Ол мынау Әділетті Қазақстан құруымыз, Заң мен тәртіп қағидасын әрі қарай жүргізу.

Қызылорда қаласында да өңірлік актив отырысы өтті. Жиында жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер, саяси жүйені жаңғырту және мемлекеттік басқаруды жетілдіру мәселелері қаралды. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған жаңа нормалар талқыланды.

Мұрат Тілеумбетов, облыстық Мәслихат төрағасы:

- Сонымен қатар Конституцияның жаңа жобасында азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды нормалар енгізілді. Атап айтқанда, адвокатураға арналған арнайы бап алғаш рет Конституцияға енді. Зияткерлік меншік құқығы күшейтілді. Азаматтардың құқықтарын қорғау және Миранда ережесі сияқты халықаралық стандарттарға сай нормалар бекітілді.

Конституциялық реформа негізінде білім, ғылым, мәдениет пен инновация еліміздің басты даму бағыты ретінде айқындалған. Талдықорған төрінде өткен жиында да мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері Ата заң жобасындағы осындай ерекшеліктерді атап өтті.

Ермек Егінбаев, облыстық Мәслихат депутаты:                                     

- Конституция - заңдардың діңгегі.  Заңдарды бағыттаушы негізгі заң. Бұл мықты болатын болса, басқа заңдар қабылданған кезде осы заңға негізделіп сүйемелденіп, қабылданатын болады. Халық үшін ел үшін жұмыс жасау керек Ата Заңымыз.

Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарына ерекше басымдық берілген. Бұл ретте құжатта мемлекеттігіміздің іргетасы болып саналатын бірлік, ынтымақтастық, этносаралық және конфессияаралық келісімнің дәстүрлі құндылықтарын сақтаудың маңызы зор екені айтылған. Семейде өткен актив отырысында Ата заңға енгізілген осы және өзге де тың өзгерістер кеңінен талқыланды.

Съезбек Ахметов, облыстық Мәслихат депутаты:

- Бұл өңірімізде, облысымызда жақсы талқылануда. Облыстық, қалалық депутаттармен отырып, көп нәрсені талқыладық. Бұл енді өте үлкен мүмкіндік береді. Біздің қазақ еліміздің егеменділігімізге, тәуелсіздігіне, экономикамыздың өсуіне, әлеументтік жағдайлардың жақсаруына үлкен жағдай береді. Неге десеңіз, Конституцияны ашық түрде халыққа, елімізге талқылауға беріп отыр.

Конституцияның жаңа жобасы - қоғамның сұранысына негізделген ұзақ әрі мұқият сараптамалық жұмыстың нәтижесі. Осы жолы реформаның ашық форматта, қоғамның тікелей қатысуымен жүргізілуі еліміздегі жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып келе жатқанының жарқын көрінісі. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Нұрлан Жақыпбеков, Шыңғыс Қалиден, Рүстем Қайратұлы