Қазақстан Стратегиялық маңызды минералдар саммитіне қатысты

Қазақстан АҚШ-тың шақыруымен Стратегиялық маңызы бар минералдар бойынша алғашқы министрлік саммитіне қатысты.

Вашингтондағы халықаралық шараға ел атынан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев барды. 50-ден аса мемлекет өкілдері бас қосқан жиында аса маңызды пайдалы қазбалар тізбегін әртараптандыру мәселесі талқыға түсті.

Ақ үйдегі С5+1 саммиті кезінде Дональд Трамп менің сұрағыма жауап беріп жатып, Қазақстанның қазба байлығының молдығын тілге тиек еткен еді. Көп ұзамай, АҚШ бастамасымен міне стратегиялық маңызды минералдар бойынша министрлер саммиті өтіп жатыр.

54 ел мен Еуроодақ өкілдері келген шараға еліміздің атынан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев қатысты. Ал жиында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Марко Рубио АҚШ-тың тау-кен өндірісінде жіберген тарихи қателігін мойындап, оны түзету үшін дәл осы кездесудің маңызды екенін атап өтті.

Марко Рубио, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:                     

- Бір кездері АҚШ стратегиялық маңызы бар минералдарды, соның ішінде сирек жер элементтерін өзі өндірді. Калифорниядағы Маунтин-Пасс кен орны ХХ ғасырдың ортасында технологиялық серпіліске жол ашып, авиация, ғарыш және компьютер дәуірінің басталуына негіз болды. Алайда уақыт өте келе біз кен өндіру мен өндірістің маңызын екінші орынға ысырып, шикізатты жеткізу тізбегін сыртқа тәуелді еттік. Жылтыраған жаңа технологияға баса мән беріп қойдық. Соның салдарынан экономикалық қауіпсіздігімізге нұқсан келді. Бүгінгі басқосу – осы қателікті түзетуге жасалған маңызды қадам. Мақсат – стратегиялық минералдар өндірісін қайта жандандыру, жеткізуді әртараптандыру және серіктес елдермен бірлесе тұрақты әрі сенімді нарық қалыптастыру.

Яғни минералдар бар болса, жақсы. Болмаса, пайдалы қазбаларға бай елдерге көмектесіп, өндіріс процесіне қатысыңыз деген үндеу естілді. Үлкен жетіліктің елдеі де, өндіріске мықты, шикізатқа мұқтаж адуынды мемлекеттер де Рубионың сөзін құлақ түре тыңдады. Озық технологияларға ұмтылып, мықты мамандарды дайындағысы келетін Астана үшін де Вашингтонның жаһандық ұсынысы ұтымды болғалы тұр.

Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Әрине, бұл жағында елімізге қандай пайда болады? Ең бірінші соны ойлап отырмыз. Сыртқы істер министрлігі және тиісті мемлекеттік органдар біріккен позициясын жеткізіп отыр. Ол екі жақты екі елге де пайдалы қарым-қатынас болу керек. Ынтымақтастық. Тек қана сол шикізатты сыртқа шығармай, шикізатты өңдеу технологияларын пайдалану және соған байланысты тиісті жаңа кәсіпорындарды құру. Қазақстан соның арқасында бүкіл әлемде осы критикалық минералдар бойынша өз тиісті дәрежелі орнын алады деп ойлаймын.

Саммитте нақты келісімдерге қол қойылмағанымен, жаңа халықаралық ынтымақтастықтың қаңқасы жасақталды. Осы саладағы құн тұрақтылығына әсер ететін бағаның ең төменгі шегін енгізу қажеттігі ұсынылды. Қатысушы елдер жеткізу тізбегін әртараптандыруға, кен өндіруден бастап дайын өнімге дейінгі бүкіл тізбекті қорғауға дайын екенін білдірді. Алдағы кезеңде одаққа мүше мемлекеттер арасында екіжақты келіссөздер басталып, бірлескен жобалар іске асырылмақ. Одан бөлек сыртқы істер министрі Вашингтонға сапары аясында, Мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландаумен, Өкілдер палатасының Халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Брайан Мастпен және сенатор Стив Дэйнспен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасын дамытудың тың жолдарын талқылады.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг