Мәжіліс төрағасы Беларусь еліне ресми сапармен барды
Беларусь еліне ресми сапармен барған Мәжіліс төрағасы Президент Александр Лукашенкомен кездесті. Кездесуде Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің зор ықыласы мен ізгі тілегін жеткізіп, екі ел басшыларының сенімді саяси қарым-қатынасының арқасында Қазақстан-Беларусь байланысы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгеніне тоқталды.
Өз кезегінде Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа игі лебізін жолдап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы парламентарийлердің рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Ерлан Қошанов Ұлттық жиналыстың Өкілдер палатасының басшысы Игорь Сергеенкомен, Республика Кеңесінің төрағасы Наталья Кочановамен кездесті. Жүздесуде парламентаралық диалогтан бастап, екі ел арасындағы экономикалық, мәдени ынтымақтастыққа дейінгі кең ауқымдағы мәселелер талқыланды. Тараптар заңнамалық жұмыс бойынша өзара тәжірибе алмасуды жалғастыруға, ықпалдастықты нығайтуға уағдаласты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Қазақстан мен Беларусь – сенімді стратегиялық серіктес. Мемлекеттер басшылары мұны үнемі айтып келеді. Екі ел арасында жемісті саяси диалог жолға қойылған. Өнеркәсіпте, машина жасауда және аграрлық салада кооперациялық байланыс кеңейіп жатыр. Екі мемлекеттің парламенттері де өзара қарым-қатынастың қарқынды дамуына зор үлес қосуда. Заң шығару ісінде тұрақты тәжірибе алмасу жолға қойылып, достық топтары белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Депутаттарымыздың арасында бекем байланыс орнаған.