C5+1: Берлин мен Орталық Азия диалогы
Германия мен Орталық Азия арасындағы диалогтың саяси және экономикалық салмағы артып келеді.
Берлинде C5+1 форматында өткен бағдарлама аясында Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері Германияның федеративтік Президентімен жүздесіп, неміс бизнесінің жетекші өкілдерімен экономикалық форумға қатысты. Тараптар инвестиция көлемін арттыру, энергетикалық қауіпсіздік, көлік дәліздерін дамыту және технологиялық ынтымақтастық аясында келіссөз жүргізді.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Қазақстан мен Германия – саяси, экономикалық және әлеуметтік байланыстарын жүйелі түрде тереңдетіп келе жатқан сенімді серіктес. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына бүгін 34 жыл толды. Бұл символдық дата аясында Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті. Осы резиденцияда С5 +1 форматында өткен кездесуде логистика, инфрақұрылым және тұрақты даму мәселелері талқыланды.
Бельвю резиденциясының қонақ кітабына естелік жазба қалдырған қазақстандық министр екіжақты ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді. Кездесу одан әрі Орталық Азия елдері үшін соңғы жылдары дәстүрге айналған форматта өтті. Федералдық Президент өңірді Еуропа мен Азияны байланыстыратын стратегиялық маңызды аймақ деп атады. Энергетикалық және ресурстық қауіпсіздікке қатысты геосаяси өзгерістерді, сондай-ақ Қара теңіздегі танкерлерге төнуі мүмкін қауіптерді ескерсек, Орталық Азияның Еуропа үшін стратегиялық маңызы бұрынғыдан да артып келеді.
Келесі кездесу – Германияның сыртқы істер министрлігінде өтті. Орталық Азия делегаттары неміс әріптесі Йоханн Вадефульмен, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуард Стипрайспен энергетика, өнеркәсіп пен технологиялар, климаттық өзгерістер мен гуманитарлық байланыс мәселелерін талқылады. Тараптар 2023 жылы енгізілген «C5+1» форматы мен жол картасы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарғанын атап өтті. Бүгінде Орталық Азияға тартылатын шетелдік инвестициялардың 40 пайыздан астамы Еуроодаққа тиесілі. Сонда Германияның өңірмен сауда-саттығының 80 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Жуырда Berliner Zeitung газетінде жарияланған мақаласында Ермек Көшербаев шикізат секторынан бөлек, «Орта дәліз» көлік инфрақұрылымын дамыту, сирек жер металдары және жасанды интеллект салаларында ынтымақтастыққа қызығушылық бар екенін атап өтті. Осыған байланысты Астана сирек кездесетін металдарды зерттейтін өңірлік орталық ашуды ұсынды.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Өздеріңіз білесіздер, жақын арада елімізде Үкіметтің кеңейтілген отырысы болған, нақты Президент инвестиция туралы Үкіметке тиісті тапсырмаларды берген. Сол тапсырмаларға сәйкес былай қарастырсақ, бүкіл Германияның бизнесіне, сол туралы айтып бергенбіз, олар өте қуанышты болып отыр. Соңғы кезде инвестиция көлемі өсіп бара жатыр: 7,7 миллиард доллар деп есептеуге болады. Бүкіл Орталық Азия мемлекеттерін алсақ, біздің елімізге ең үлкен инвестор болып көрінеді. Бізге керегі – технологиялары мен білімдері керек болып тұр және Германияда өте жақсы кәсіби кадрларды дайындау бағдарламалары бар.
Сапар бағдарламасының тағы бір маңызды бөлігі – экономикалық форум. Неміс бизнесінің 30-ға жуық өкілі Орталық Азия бестігі елдерінің министрлерімен бірге саяси диалогты нақты келісімшарттар мен жаңа жобаларға айналдыру жолдарын талқылады. Шикізат ресурстары, энергетикалық өтпелі кезең, агроөнеркәсіп кешені және Азия мен Еуропаны байланыстыратын көлік дәліздерін дамыту мәселелері қаралды. Тараптар мемлекеттік құрылымдар мен іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға уағдаласты.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан