Қазақстан Газа секторын қалпына келтіруге атсалысады
Қазақстан Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыруға атсалысады. Еліміз аймақты қайта қалпына келтіріп, гуманитарлық көмек жеткізуге дайын.
Бейбітшілік кеңесі - жаһанда өршіген алауыздық отын өшіріп, қақтығыстарды тоқтату үшін құрылған жаңа құрылым. Әлі иі қанбаса да, әлеуеті зор. Кеңес құрамына 35 ел кіреді. Алғашқы отырысқа 20 елдің басшысы келді. Оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев бар. Мемлекет басшысы бірлестіктің бірінші басқосуында сөз сөйледі. Баяндамасын тарихи шараны ұйымдастырған Дональд Трампқа алғыс айтумен бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде, бұл – сөз күйінде қалатын қарар қабылдайтын конференция емес, керісінше, нақты әрі мақсатты шаралар арқылы ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға үлес қосатын жиын. Президент мырза, Сіздің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуді көздейтін айқын мұратыңыз бен көреген қадамдарыңыз еліміздің Бейбітшілік кеңесіне қосылуына түрткі болды.
Бейбітшілік кеңесі көпжақты күш-жігердің әлеуетін арттыратын, заман талабына сай ұйым. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірлестікке қатысты көзқарасы осындай. Ол әлемде мұндай бастама көтерілмегенін алға тартып, бұл бұрын-соңды болмаған бетбұрыс екенін мәлімдеді. Бейбітшіліктің берік негізі тек нақты әрекетпен ғана қаланатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақта бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайтуды көздейтін жаңа тәсілдер қажет. Аталған ұстанымға арқа сүйей отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынады. «Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ», - деді. Өз кезегінде АҚШ басшысы алғашқы отырысқа келгендерге ризашылығын білдіріп, саясаткерлерге шешімтал, нағыз жаһандық ауқымдағы көшбасшылар деген баға берді. Қазақстан туралы ықыласпен атап өтті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сізге көп рақмет! Қазақстан - керемет әрі бай мемлекет. Егер әлдебіреуде қандай да бір күмән туындаса, бүгін мұнда өте бақуатты адамдар қатысып отырғанына назар аударыңыз.
Отырыста Газа секторын қалпына келтіру жоспары таныстырылды. Жоғарғы атқарушы кеңестің мүшесі Джаред Кушнер аймақ тұрмыс-тіршілікке және экономикалық өрлеуге қолайлы жағдай жасайтын заманауи кеңістікке айналуға тиіс екенін жеткізді. Ал Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга Бейбітшілік кеңесінің қаржы механизмдері ашықтыққа және қаржыны нақты мақсаттарға бөлу қағидаттарына негізделетінін жеткізді. Газадағы қауіпсіздік пен халықаралық серіктестік мәселелері де кеңінен талқыланды.
Авторы: Бекзат Аманов