Сербия – достық пен мәдениет тоғысқан ел
Балқан түбегінің қақ ортасында орналасқан Сербия тарихы терең, мәдениеті бай әрі стратегиялық маңызы жоғары мемлекет.
Табиғи ресурстарға бай ел ауыл шаруашылығы саласында да жетекші орынға ие. Әсіресе таңқурайды экспорттау көрсеткіші бойынша әлемдік нарықта алдыңғы орында. Ғаламда бұл жеміс түрінің үштен бірі Сербияда өсірілетіндіктен, бұл мемлекетті «таңқурай елі» деп те атайды. Еуропа мен Шығыстың түйіскен жерінде орналасқан Сербия несімен ерекшеленеді?
Сербия – ғасырлар бойы түрлі өркениеттер тоғысқан мекен. Бір қарағанда шағын ел болып көрінгенмен, оның тарихы, мәдениеті, ұлттық болмысы ерекше. Теңізге тікелей шықпаса да аумағын еуропадағы ірі өзеннің бірі - Дунай басып өтеді. Таулы аймақтары мен жасыл алқаптары табиғи сұлулығымен ерекшеленеді. Тарихы мыңжылдықтардан бастау алатын мемлекет түрлі өркениеттердің ықпалын бастан өткерген. Бүгінде сербтер бай тарихи мұрасын сақтай отырып, заманауи даму жолын ұстанып келеді.
Серб асханасы ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Ел ас мәзірінің негізін ет тағамдары құрайды. Чевапи, плескавица - жергілікті халықтың сүйікті асы. Сонымен қатар айранға ұқсас сүт өнімдері кең таралған. Сербтер үшін қонақты құрметтеп, мол дастарқан жаю – ежелден келе жатқан мәдени дәстүр. Сондықтан ас тек тағам емес, ұлттық болмыстың бір көрінісі деп бағаланады.
ЦИТАТА:
Бен Уайлдер, журналист, саяхатшы:
Сербтер қонақжай халық ретінде танымал. Олар үйіне келген адамды құрметпен қарсы алып, мол дастарқан жайып күтуді дәстүрге айналдырған. Серб мәдениетінде «домачинство» деген ұғым бар. Бұл үй иесінің қонаққа деген аса құрметін білдіреді.
Кейінгі жылдары Сербия экономикасын әртараптандыруға көп көңіл бөліп жатыр. Елде ауыл шаруашылығы, автомобиль жасау және энергетика салалары қарқынды дамуда. IT секторына шетелдік инвестиция тарту арқылы аймақтық хабқа айналуға күш салып жатыр. Туризм саласы да жақсы жолға қойылып, курорттық орындарда демалушылар мен тарихи қалаларына саяхаттаушылар қарасы артқан.
Динара Қуандыққызы