М. Әшімбаев: Жаңа Конституция – саяси жүйені жаңғыртудың айқын көрінісі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздің мәслихат депутаттарымен жаңа конституцияның жобасын талқылады.

Жиында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін нығайту мақсатында Ата заңға енгізілген өзгерістердің маңызы пысықталды. Жоғары палата спикері алдағы маңызды науқан ел дамуындағы шешуші кезең екенін тілге тиек етті. Жаңа Ата Заң жобасы Әділетті Қазақстан идеясын толық іске асыруға ықпал етіп, саяси жүйені демократияландыру мен жаңғыртудың құқықтық негізін айқындайтынын жеткізді. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жаңа конституция жобасы әзірленіп, республикалық референдумға шығарылды. Бұл демократияны нығайта түсетін маңызды қадам екені анық. Жаңа преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленді. Жарты жыл бойы парламент депутаттары маслихат төрағалары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ сарапшылар мен әртүрлі заң саласының мамандары жаңа конституция әзірлеуге атсалысты.