Жаңа Конституция серіктестікке серпін береді
Жаңа Конституция Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық серіктестікке серпін беруі мүмкін.
Бельгияда Еуроодақтың негізгі институттарының өкілдері мен Брюссельдегі сарапшылар қауымдастығы мүшелері елімізде өтетін референдумды талқылады. Басқосу «Шаңырақ астындағы диалог» атты жаңа пікірталас алаңының ресми ашылуымен тұспа-тұс келді. Бұл Қазақстанға қатысты мәселелер бойынша еуропалық мемлекеттік құрылымдар, сарапшылар және қоғамдық ұйымдар арасында пікір алмасатын ашық алаң болмақ. Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко жаңа Конституция туралы айтып берді.
Эдуардс Стипрайс, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:
- Қазақстан - бірегей мемлекет. Ол Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың қуатты қозғаушы күшіне айналды. Сонымен қатар Қазақстан Еуроодақ үшін де жауапты халықаралық серіктес әрі жаһандық деңгейдегі маңызды ойыншы болып отыр.
Баяндамалардан кейін пікіралмасу жалғасып, қатысушылар жаңа конституцияның мазмұнына, оны іске асыру тетіктеріне назар аударды. Қазақстанның саяси жүйесінің даму перспективалары мен еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән берілді.
Петр Быстрон, Еуропарламент депутаты:
- Жаңа Конституцияның дәстүрлі құндылықтарды құрметтеп, неке тек ер мен әйел арасында ғана болуы мүмкін екенін бекітетіні өте маңызды. Қазақстан бұл жағынан дәстүрге берік екені қуантады.