Президент: Референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі

«Республикалық референдум бірліктің жоғары көрсеткішін көрсетті. Ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды.

Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық». Осылай деген Президент саяси науқанға белсене атсалысқан тағдыршешті таңдау жасаған барша азаматқа алғыс айтты. 

Мемлекет басшысы Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстары мен басқа да өңірлерді атап өтті. «Жауапты істе жастардың атсалысуы белсенді болды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен: «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсеткенін мақтанышпен хабарлады. Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отырғанын жеткізді. Ел ертеңі болар бұл буынға сенім білдіріп, зор үміт артты. Мұнымен қоса, Президент  Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталды. Саяси науқан барысында жалпыұлттық коалиция мүшелері де қажырлы қызмет етті.

Жұмыс тобы жаңа Конституцияның мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, қажетті үгіт-насихат жұмысы атқарған.