Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті
Шахбаз Шариф Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау бойынша республикалық референдумның табысты өтуімен құттықтады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Пәкістан Премьер-министрі мемлекеттік басқару жүйесі мен институционалдық орнықтылықты одан әрі нығайтуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бұл уақиғаның тарихи маңызын атап өтті.
Шахбаз Шарифтің айтуынша, бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесі Қазақстан азаматтары Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын кеңінен қолдайтынын көрсетті.
Мемлекет басшысы құттықтауы мен референдум қорытындысын жоғары бағалағаны үшін Пәкістан Премьер-министріне алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің оң қарқынына көңілдері толатынын айтты. Осы орайда Президенттің биыл ақпан айында Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы мен Пәкістан Премьер-министрі өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.