Шетелдік сарапшылар реформаны талдады
Астанада Қазақстанның жаңа конституциялық моделіне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Мақсұт Нәрікбаев атындағы университет қабырғасында ұйымдастырылған іс-шарада Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мамандары шетелдік қонақтармен бірге сараптамалық баяндама ұсынды. Қатысушылар жаңа Ата заңдағы өзгерістердің мән-мазмұны мен ұзақ мерзімді мақсаттарын талдады. Қазақстанның сапалы даму кезеңіне аяқ басқаны айтылды. Сөз алған халықаралық қатынас мамандары адам құқықтары мен цифрлық дәуірдің сын-қатерлері және референдум өткізудің әлемдік тәжірибесі туралы әңгімеледі.
Альберто Туркстра, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:
- Қазақстан аймақтық, тіпті жаһандық деңгейдегі көшбасшы ретінде танылып келеді. Әсіресе жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және «ақылды қалалар» құру салаларында белсенді. Жаңа Конституция шетелдік инвестицияларды көбірек тартуға және осы салалардың дамуына мүмкіндік беретін заңнама қабылдауға негізделген. Қазақстан - орта державалар тізіміне енген мемлекет. Ал орта державалар көпжақты ынтымақтастық орнап, халықаралық құқық үстем болса өркендейді. Қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып, Қазақстанның делдал, әрі қолайлы әріптес ретіндегі рөлі алдағы уақытта арта түседі деп сенемін.
Давид Апциаури, Грузия Сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары, Төтенше және өкілетті Елші:
- Қазақстан қарқынды әрі оң бағытта дамып келеді. Дамудың әрбір кезеңі белгілі бір түзетулерді, өзгерістерді талап етеді – бұл қалыпты әрі заңды құбылыс. Әсіресе қазір, әлемде тұрақсыздық күшейіп, халықаралық қатынастар шиеленісіп тұрған тұста ел дамуы үшін тарихи қадам. Жаңа Конституцияның оң тұстарының бірі оның халыққа бағытталуы. Қазақстан негізгі институционалдық реформалар азаматтардың тікелей қатысуы арқылы бекітілетін жаһандық үрдістерді ұстанып отыр және бұл дұрыс шешім.