Елдегі басты құжатқа енгізілген өзгеріс көп

Күні кеше қабылданған еліміздің жаңа Ата заңы 10 сәуірге дейін жаппай таралыммен басып шығарылады. Енді еріктілер еңбегі қызметке орналасу барысында ескерілмек.

Ал жеке деректерді қорғау күшейтіледі. Оның ішінде қылмыстық жаза да, айыппұл да бар. Үкіметте талқыланған жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыруда тағы қандай жаңашылдық айтылады? Алда нендей  маңызды мақсат-міндеттер күтіп тұр?

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Күні кеше мемлекет тарихының жаңа парағы ашылды. Енді елімізді елеуді өзгерістер күтіп тұр. Алдағы атқарылуы тиіс жұмыстарды Үкімет отырысына келген министрлер кабинетінің мүшелері кезек-кезегімен баяндап шықты. Алдымен сөз алған Аида Балаева болды. Үкімет басшысының орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі саладағы салмақты шаруаларды қысқа-нұсқа айтып өтті.  Айтуынша, БАҚ, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, азаматтық қоғамның өзара байланысы, дін мен жастар, отбасы саясатын  реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Үкіметтік емес ұйымдар саласы да жаңаша сипат алмақ. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес әзірленген заң жобасы үкіметтік емес ұйымдардың құқықтық мәртебесін нақты айқындап, олардың қызметінің негізгі қағидаттарын бекітеді. Азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы толық сақталады. Тегін медициналық көмекті қаржыландыру көздері артады. Яғни бұрынғыдай тек мемлекеттік бюджетке ғана сүйенбей, бұл іске қайырымдылық қорлар, халықаралық ұйымдар және ірі компаниялар да атсалыспақ. Маңызды құжатта енгізілген тағы бір өзгеріс азаматтардың дербес деректерін қорғауға қатысты. Бұл енді арнайы бағытталған нормамен іске асырылады. Жеке деректерді қорғаудың заманауи құралдарын, оның ішінде деректерді жасыру және хэштеуді енгізу жоспарланған. Министрдің мәліметінше, азаматтардың дербес деректері тарап кеткен жағдайда 5000 АЕК айыппұл салынады.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Бұл деректерді техникалық тұрғыдан қорғауға және рұқсатсыз қол жеткізу кезінде олардың жария болу тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік деректер базаларынан деректерді жүктеп алуды шектеу жоспарланып отыр. Басымдық ақпараттық жүйелерді интеграциялауға берілетін болады. Ал деректерді жүктеуге тыйым салынып, тек ерекше және нақты Заңда анықталған жағдайларда ғана рұқсат етіледі.

Жаңа Конституцияда білім беру саласындағы басым бағыттар айқындалған. Оның негізінде елдегі білім беру стандарттары қайта қаралмақ. Бас мұғалім сөзіне сенсек, оқу бағдарламаларының мазмұнын күшейтуге және оқу қорын жаңартуға күш салынады. Министр атап өткендей, білім берудің бастауыш буынын нығайтуға да басты назар аударылмақ. Оқу бағдарламаларының мазмұны ғана емес, оқулықтардың сапасы да жыл сайын қайта сараптаудан өтпек. Орта мектепте барлық негізгі пәндерді міндетті түрде оқу заңмен бекітіледі.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі: 

- Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылады. 2027  жылы 1 және 5-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, 10-11 сыныптарға арналған оқулықтарды өзектендіру жоспарлануда. Ол 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылатынын атап өтті. 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, карталарды, тарихи және әкімшілік материалдарды толық ауыстыра отырып, 10-11-сыныптардың оқулықтарын өзектендіру жоспарлануда. Ал 2028 жылы 2 және 6-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылмақ.

Ата заңда тайға таңба басқандай айқындалған тағы бір маңызды тетік - адам құқығы мен бостандығы һәм қауіпсіздігі. Ел тарихында алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық туралы бастама көтеріліп отыр. Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмыс форматы қайта қаралады. Үкімет басшысы сәуір айының соңына дейін өткізуді тапсырды.

Кәмшат Мұхамеджан, Марат Диханбаев