Су шаруашылығын цифрландыру мәселесі талқыланды

Жасанды интеллект елімізде қуаңшылықты ерте болжауға, суды үнемдеуге және өнім көлемін арттыруға септігін тигізбек.

Бүгін Агроөнеркәсіп кешені мен су шаруашылығын цифрлық трансформациялау мәселесі Сенаттағы парламенттік тыңдауда талқыға түсті. Жиын алдында көпшілікке су ресурстарын басқаруға арналған цифрлық платформалар, ақпараттық жүйелер мен озық жобалар таныстырылып, аталған салаларды дамытуды көздейтін тың шешімдер ортаға салынды. Сенат төрағасының сөзінше, былтыр тың технологияларды енгізудің арқасында 870 млн текше метрден астам су үнемделген. Алайда, мұның өзі жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығына елдегі жалпы су көлемінің шамамен 60 пайызы жұмсалатынын ескерсек, су қозғалысының барлық кезеңін цифрлық есепке алу мен бақылау жүйесін жасақтау аса маңызды. Сол себепті Сенат төрағасы автоматтандыру, онлайн-мониторинг және суды пайдаланудың нақты деректерін беретін жүйені құру қажеттігін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

"Агроөнеркәсіптік кешенді және су шаруашылығын цифрландыру еліміздің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды секторлардың бірі. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағыттарды жетілдіруге үнемі баса мән беріп келеді. Жалпы, қазір еліміз жаппай цифрландыру кезеңіне қадам басқаны белгілі. Соның аясында агроөнеркәсіп кешені мен су шаруашылығы саласында да жаңа мақсаттар айқындалып отыр. Осылайша біз жекелеген мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан ресурстарды «smart» басқару жүйесіне кезең-кезеңімен көшуді қолға алып отырмыз".