Конституцияны түсіндіру жоспары бекітілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжат қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға және негізгі заңның жаңа нормаларын кеңінен насихаттауға бағытталған.

Қазір сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен  Конституцияның барлық новеллалары бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Конституцияның жаңа қағидаттары білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіледі. Премьер-министр қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституция нормаларына сәйкестендіру бойынша кешенді талдау жүргізуді міндеттеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Мәдениет және ақпарат министрлігі  уәкілетті мемлекеттік органдармен  және ұйымдармен бірлесіп,  осы бағытта жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастыруы қажет. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны уақтылы әзірлеп,  Конституцияның тың қағидаттарын  мектептер мен колледждердің  және университеттердің үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуге тиіс.