Қазақстан мен Тәжікстан ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Тәжікстан әскери және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді.

Маңызды құжатқа осыдан 2 жыл бұрын Мемлекет басшылары Қазақстан Президентінің Тәжікстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол қойған. Бастама қос тараптың  ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Алыс-беріс, барыс-келістің де көрсеткішін арттыруға бағытталып отыр. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асады. Ендігі меже -  бұл көрсеткішті 2 млрд долларға дейін ұлғайту. Бүгін жоғары палатаның кезекті отырысында «Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» Заң мақұлданды. Алдағы уақытта бұл құжаттар аталған елдермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін бермек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақстан халықаралық аренада көпвекторлы, сындарлы және белсенді саясат жүргізіп келеді. Бүгін мақұлданған заңдар елімізді бейбітсүйгіш әрі ашық мемлекет ретінде айқындайтын маңызды халықаралық құжаттар топтамасын толықтырып отыр. Атап айтқанда, бауырлас Тәжікстан елімен одақтастық байланысымыз жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Сондай-ақ Біріккен Корольдікпен қатынастарымыз да стратегиялық сипатқа ие болды. Алдағы уақытта бұл құжаттар аталған елдермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сенеміз.