Қазақстан әлемдік авиация нарығындағы орнын нығайтып келеді

Қазақстан халықаралық әуе қатынасын кеңейтіп, АҚШ-қа тікелей рейстер ашуға дайындалып жатыр. Келер жылы Астана мен Нью-Йорк арасындағы әуе қатынасы іске қосылады деп жоспарланған, деп хабарлайды 24KZ.

Сонымен қатар елде әуежайлар жаңғыртылып, халықаралық бағыттар мен жүк тасымалының көлемі артып келеді.

Былтыр Қазақстан әуежайлары 32 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл көрсеткіш алдағы кезеңде бірнеше есе артуы мүмкін. Елорда әуежайы ауқымды жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жылына шамамен 40 миллион жолаушы қабылдайтын деңгейге жетуді көздейді. Бұдан бөлек, Астанада жаңа әуежай салу жоспарда бар.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

– Бір ай бұрын Астана қаласының әкімдігі, Көлік министрлігі және Сингапур әуежайының басшылығы арасында осы жобаны сүйемелдеу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы мұндай ірі жобалар мегажобалар санатына жатады. Әдетте олардың құрылысы кемінде бес жылға созылады.

Ал Алматының жоспары бұдан да ауқымды. 2050 жылға қарай мегаполис әуе қақпасының өткізу қабілетін шамамен төрт есе арттырып, жылына 55 млн жолаушыға жеткізбек. Егер бұл бастамалар жүзеге асса, Қазақстан халықаралық авиация нарығындағы орнын едәуір нығайта алады. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық мақсатқа, яғни елді Еуразиядағы жетекші авиациялық хабтардың біріне айналдыруға жол ашады.

Әсел Бағысова, AIFC Aviation Finance Hub басшысы:

– Қазақстанның географиялық орналасуы өте қолайлы. Еліміз Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында орналасқан. Сондықтан халықаралық жүк және жолаушылар ағынының барынша Қазақстан арқылы өткені маңызды. Бұл ел экономикасының дамуына серпін беріп, жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал етеді.

Қазақстан әуежайлардың мүмкіндігін арттырумен ғана шектелмейді. Жаңа халықаралық бағыттарды да ашу күн тәртібінде тұр. Мақсат – әуе бағыттарының санын 160-қа жеткізу. Ең алдымен Қытай мен Үндістанға қосымша рейстер ашылып, транзиттік жолаушылар ағынын ұлғайту көзделіп отыр. Еуропа мен Түркияға ұшатын рейстер саны да көбеймек. Ал Ресей бағытында халқы 500 мыңнан асатын қалаларға басымдық беріледі. Ұзақ қашықтыққа қатынайтын рейстердің де географиясы кеңейіп келеді. 30 қарашадан бастап Air Astana Алматы мен Токио арасында тікелей әуе қатынасын іске қосады. Келесі маңызды қадам – АҚШ-қа тұрақты әуе рейстерін ашу.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

– АҚШ-тың федералдық авиация ведомствосынан ресми қорытынды есепті қараша айында күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін Қазақстан АҚШ аумағына әуе рейстерін орындау құқығын ресми түрде алады деп үміттенеміз. Біздің алдымызға қойған мақсатымыз да осы. АҚШ-тағы негізгі бағыт ретінде Нью-Йорк қарастырылып жатыр. Ал Қазақстан тарапынан басымдық Астанаға беріледі. Әрине, бұл ұзақ қашықтықтағы рейс. Дегенмен екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуын, Қазақстанға деген қызығушылық пен экономикаға тартылып жатқан инвестицияларды ескерсек, бұл бағыт тиімді болады деп ойлаймын.

Елде жолаушылар тасымалымен қатар жүкті әуе арқылы жеткізу көлемі де ұлғайып келеді. Биыл қаңтар мен маусым аралығында Қазақстан әуежайлары 102,5 мың тонна жүк өңдеген. Бұл былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Әуе тасымалының қарқын алуы авиациялық отынға деген сұранысты да арттырады. Сондықтан Қазақстанда оның өндіріс көлемін кезең-кезеңімен көбейту жоспарланып отыр.

Сәбит Мұхан, ҚР Энергетика министрлігі мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің бас сарапшысы:

– Әуелі мұнай өңдеу зауыттарындағы технологиялық үдерістерді оңтайландырып, өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Кейін өндірістің өсуі қазіргі кәсіпорындарды терең жаңғырту және олардың қуатын кеңейту есебінен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, стратегиялық міндеттер аясында жылына 10 миллион тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салу жобасы қарастырылған.

Еуразияның басты әуе көпірлерінің біріне айналу үшін инфрақұрылымды дамыту жеткіліксіз. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету де аса маңызды. Бұл бағытта Қазақстан халықаралық деңгейде жоғары көрсеткішке жетті. Елдегі авиациялық қауіпсіздік деңгейі 90 пайыздан асып, әлемдегі үздік 20 мемлекеттің қатарына енді. Осы жетістіктердің халықаралық деңгейде мойындалуының бір көрінісі ретінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы форумының Астанада өткенін атауға болады.

Хуан Карлос Саласар, халықаралық Азаматтық авиация ұйымының бас хатшысы:

– Астанада өткен ИКАО апталығы – алдағы халықаралық авиациялық конференцияларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға жасалған маңызды қадам. Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы көрсеткіші 95,7 пайызға жетті. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкестіктің жоғары деңгейін көрсетеді. ИКАО аталған нәтижені құптайды. Біз Қазақстанның Көлік министрлігімен және Азаматтық авиация комитетімен ынтымақтастықты жалғастырамыз.

Қазақстанның мақсаты тек жаңа әуежайлар салып, халықаралық бағыттарды көбейту емес. «Бәсекеге қабілетті тұтас авиациялық жүйе қалыптастыру», – дейді мамандар.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Әлішер Накипов, Мерей Талап

Сондай-ақ оқыңыз: