Е. Қошанов: Парламентаралық диалог мемлекеттер арасындағы құрмет пен сенімді нығайта түседі

Парламентаралық диалог мемлекеттер арасындағы құрмет пен сенімді нығайта түседі.

Ыстанбұлда өткен Парламентаралық Одақтың 152-ші Ассамблеясында сөз алған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Алқалы жиынға әлемнің 155 елінен делегат қатысып, «Болашақ ұрпақ үшін үміт ұялату, бейбітшілікті нығайту және әділдікті қамтамасыз ету» тақырыбын талқылады. Жаһандық саммитте палата төрағасы халықаралық құқықтың беделі әлсіреп, қақтығыстар шиеленіскен, экономикалық дағдарыстар белең алған күрделі де тұрақсыз әлемде өмір сүріп жатқанымызды алға тартты. Парламентаралық диалог мемлекеттер арасындағы құрмет пен сенімді, ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық құқықтың мүлтіксіз қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ерлан Қошанов Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан биігіндегі атысты тоқтату режимін сақтауға, жағдайды тұрақтандыруға үш жылдан бері атсалысып келе жатқанына назар аударды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгінгі пікірталастың негізгі түйіні әділет ұғымы екеніне ерекше мән беріп, қазіргі уақытта бүкіл әлемде әділдікке деген сұраныс жоғары. Осы сұранысқа жауап ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құруды өз мандатының басты мақсаты ретінде белгіледі. Бұл мақсатты іске асыру үшін елімізде ауқымды саяси реформалар қолға алынды. Таяуда референдум арқылы жаңа Конституция қабылдануы – мемлекеттік институттарға, Президент реформалары бағдарына деген сенімнің дәлелі. Осы реформалар аясында біз қос палаталы Парламенттен бір палаталы жүйеге көшеміз.