БҰҰ реформасы: Тоқаев Анталияда маңызды мәлімдеме жасады
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстанымы – Ұйымдағы дағдарыстың басты себептерінің бірі. Сондықтан реформаны осы жерден бастау қажет.
Бүгін Анталия дипломатиялық форумына қатысып, сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін орта державалардың рөлін күшейтіп, тиімді дипломатияға жол ашу маңызды екенін жеткізді. Себебі қазір алпауыт елдер көрпені өзіне қарай тартып, әлемде бейбітшілік орнатуда құлықсыз болып отыр. Анталия дипломатиялық форумына қазақ басшысын Түркия президенті Ердоған арнайы шақырған болатын.
Анталиядағы маңызды мәлімдеме
Риат Шони, тілші:
- Батыс пен Шығыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің басын біріктірген Анталия дипломатиялық форумы. Дәстүрге сай Жерорта теңізі жағасында, Түркияның көрікті аймағында өтіп жатыр. Бұл жерден хабар тарату үшін 200-ден астам БАҚ өкілі тіркелген. Форумның маңызы бүгінгі геосаяси жағдайда тіпті арта түскен. Әлемде сенім дағдарысы тереңдеп, елдер арасындағы байланыс әлсіреген шақта, мұндай алаңдар диалогты сақтап қалудың бірден-бір құралына айналып отыр. Қазақстан үшін бұл форум — көпвекторлы сыртқы саясатты іс жүзінде көрсету алаңы. Яғни әртүрлі геосаяси күшпен тең диалог жүргізе алатын ел ретінде позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Осымен бесінші мәрте өтіп жатқан Анталия дипломатиялық форумы – әлемдік қауымдастыққа маңызды үндеу жасай алатын таптырмас алаң. Давостағы жиын жаһандық экономика мен бизнес элитасының алаңы болса, Анталия – нақты саяси диалог пен дипломатиялық келіссөз кеңістігі. Айта кету керек, Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыс басталғаннан кейін қос мемлекеттердің жоғары деңгейдегі алғашқы келіссөзі де дәл осы жерде өткен.
Бұл жолғы дипломатиялық форумға Қазақстан Президенті алғаш рет қатысып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевты Түркия басшысы Ердоған арнайы шақырған. Орталық Азия аймағынан мұндай құрметке ие болған жалғыз ел.
Мевлют Чавушоғлу, Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының мүшесі, бұрынғы Сыртқы істер министрі:
- Қасым-Жомарт Тоқаев – әлемде ең тәжірибелі көшбасшылардың бірі. Оның Қазақстан мен бауырлас қазақ халқына, сондай-ақ халықаралық жүйеге сіңірген еңбегі орасан зор. Сондықтан да бауырларымыздың айтқан әр сөзі біз үшін өте құнды.
Бұл құнды, әрі салмақты сөздерін Қасым-Жомарт Тоқаев форум аясында өткен панельдік сессия барысында айтты. «Болашақты айқындау, белгісіздіктерді басқару» тақырыбына арналған көшбасшылар пікірталасына Солтүстік Македония Президенті мен Грузия премьер-министрі де қатысты.
Қазір жаһанда тұрақсыздық орнаған. Жер-жерде қақтығыстар болып, оның салдары бүкіл адамзат үшін ауыр болып отыр.
Қиындықтарға қарамастан әлемдегі сауда көлемі жақсы өсім көрсетіп келеді. Былтыр әлем елдері арасындағы алыс-беріс 2,5 пайызға артқан. Бұл бағытта жағдай жаман емес. «Дегенмен сауда-саттықтың мазмұны мен сапасы – үлкен проблема», - дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Алайда дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек.
Мемлекеттер арасындағы қандай да бір дау-дамайды шешетін орган – ол әрине Біріккен Ұлттар Ұйымы. Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев оның жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз дейді. Тараптар болса белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда кездеседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл, ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма?
Жасыратыны жоқ, қазір әлемдегі геосаяси ахуал БҰҰ қауіпсіздік кеңесіндегі бестікке байланысты. Бұл елдердің аққу, шортан һәм шаян болып отырғаны ұйымдағы дағдарыстың басты себебі. Сондықтан да Президент реформалауды дәл осы қауіпсіздік кеңесінен бастау керек екенін мойындауға шақырды. «Ал әлемде бейбіт орнатуда алпауыт елдер құлықсыз болып отырғанда, орта державалардың үні анық естілуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан және Түркия сияқты орта державалардың маңызы мен оң ықпалын атап өткім келеді. Әрине, әлемде бізге ешкім тең келмейді деп мақтанудан аулақпын. Десе де жаһандық үдерістерде жоғары деңгейде жауапкершілік танытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсетіп отыр. Сондықтан жаһандық мәселелердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі державалардан гөрі орта державалардың жауапкершілігі жоғары десек, артық болмайды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының қазіргі проблемаларын ортаға салып, өз ұсыныстарын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевты Солтүстік Македония Президенті де қолдап отыр. Гордана Силяновска-Давкованың сөзінше, көрпені үнемі өзіне қарай тарта беретін ірі державалар әрдайым жалғыз қалады. «Бұндай кезде әлем шағын және орта мемлекеттерден құралғанын естен шығармау маңызды», – дейді ол.
Гордана Силяновска-Давкова, Солтүстік Македония президенті:
- Ірі, алпауыт елдер үнемі билік пен өз ықпалын жүргізгісі келеді. Бұл олар үшін де, өзгелері үшін де дұрыс жол емес. Неге? Өйткені бұндай іс-әрекетпен олар соғыс пен бәсекелестікті күшейтеді. Бұл – диалог емес, монолог. Бұндай мемлекеттер өздерін саяси құдай санайды. Мен оған қарсымын. Мен институттар арасындағы саяси дебатты қолдаймын.
Өңірлік және әлемдік шиеленістердің алдын алудың бір ғана жолы бар. Ол –превентивті дипломатия. Яғни қақтығыс туындағаннан кейін емес, оның алдын алуға бағытталған жұмысты атқару. Алайда Президенттің сөзінше, бұл мәселе соңғы 30 жыл бойы талқыланып келе жатқанымен, көбіне сөз жүзінде қалып, нақты нәтижеге жете қойған жоқ. Сондықтан осы бағытта тиімді жұмыс істеу үшін елдердің күш біріктіргені маңызды болып отыр.
Эмиль Насирли, «Менің Әзербайжаным» халықаралық журналының бас редакторы:
- Қазақстан Президенті өз сөзінде бейбітшілік жайлы айтты. Шынымен де қазір әлемде тұратылық қажет. Біз бауырлас ел ретінде, бұл айтылған сөздерді қолдаймыз. Аймақта әрдайым бейбітшілік пен келісім болғанын қалаймыз.
Панельдік сессия соңында Президент БҰҰ-ны жаңғыртуда Жарғыға да өзгеріс енгізу керектігін алға тартты. 80 жыл бұрын құрылған ұйымда ескірген ұғымдар қазіргі заман талабына сай келмейді. Мәселен, «жау елдер» болған мемлекеттер бүгінде Ұйымды қаржыландыру мен қолдауда маңызды рөл атқарып отыр. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік жолында бірлесіп, ұйымның беделі мен тиімділігін арттыруға шақырды.
Авторлары: Риат Шони, Ержан Қанапияұлы, Ділмұрад Сейдаханов