Алматыда келелі кеңес өтті

Үлгілі заң шығару жүйесін жетілдіру жайы қаузалып, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тың тетіктері талқыланды.

Бүгін ТМД Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы іс-шаралар шеңберінде Мемлекеттік құрылыс және жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесін зерделеу жөніндегі тұрақты комиссияның көшпелі отырысы өтті. Сондай-ақ, келелі кеңесте ТМД елдерінің жергілікті атқарушы органдары деңгейінде қаралатын өзекті мәселелер, соның ішінде иесіз мүлікті басқару және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Жиында сөз алған сенатор Сұлтанбек Мәкежанов ТМД Парламентаралық Ассамблеясының жүйелі жұмысын атап өтті.

Сұлтанбек Мәкежанов:

- Жүйелі үлкен жұмыс жүргізілуде, бұл бір отырыстың мәселесі емес. Мұнда Парламенттер мен тұтас институттар жылдар бойы үлгілік заңдармен жұмыс істеп келеді. Біз ТМД елдерінің үздік тәжірибелерін қарастырамыз - соның ішінде креативті индустрияларды дамыту, азаматтардың өтініштерімен жұмыс, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл мәселелері бар. Мұның екі жақты тиімділігі бар: біріншіден, біз ең тиімді шешімдерді аламыз, екіншіден, оларды өзімізде қолдана отырып, сапалы заңнама қалыптастырамыз. 

Шахматтан ашық турнир өтті

Сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының шахматтан ашық кубогы өтті. Байрақты бәсекеге, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан командалары қатысты. Жарыс тек спорттық шара ғана емес, сонымен қатар бейресми диалог алаңына айналды,- дейді ұйымдастырушылар.

Жақып Асанов, Сенат төрағасының орынбасары:

- Депутаттың жұмысы шахмат партиясына ұқсайды. Біз әр қадамымызды алдын ала есептеп, оның салдарын түсініп, бүкіл «тақтаны» бақылауда ұстауымыз керек. Бірақ шахматта ойынды қайта бастауға мүмкіндік бар, ал Парламентте ондай мүмкіндік жоқ - әр қадамымыз бүкіл ел алдында жауапкершілік жүктейтін заңға айналады.