Президент Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрін «Достық» орденімен марапаттады

Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи еліміздің ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Жоғары мемлекеттік награданы президент Қасым-Жомарт Тоқаев атынан Қазақстан елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев табыс етті. Экс-министрге орден қазақ-жапон достық қарым-қатынасын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. Салтанатты іс-шараға Жапония Премьер-министрінің арнайы кеңесшісі Мидори Мацушима мен Жапония Сыртқы істер министрінің орынбасары Альфия Эри қатысты. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Ёрико Кавагучимен 2004 жылы 28 тамызда Астанада Сыртқы істер министрі лауазымында болған кезде Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан және Тәжікстан өкілдерімен бірге көп жақты ынтымақтастық форматының негізін қалап, «Орталық Азия + Жапония» диалогына ресми түрде бастау берген болатын. Мемлекет басшысы былтыр желтоқсанда Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичидің шақыруымен осы диалогтың алғашқы саммитіне қатысты. Кездесудің қорытындысы бойынша «Токио бастамасы» іске қосылды. 

Ёрико Кавагучи, Жапонияның бұрынғы сыртқы істер министрі:

- Бұл марапат мен үшін үлкен мәртебе. Мен Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға үлес қоса алдым деп ойлаймын. Осы байланысты жүзеге асыру жолында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы маған зор ықпал етті. Бұл ынтымақтастық бастапқыда шағын бастамадан туындап, бүгінде өте ауқымды әрі маңызды деңгейге жеткеніне шын жүректен қуаныштымын.    

Альфия Эри, Жапония парламенттік сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Қазақстан Жапония үшін еркін әрі ашық халықаралық тәртіп құндылықтарын ұстанатын маңызды стратегиялық серіктес ел. «Орталық Азия + Жапония» диалогы бұрынғы Сыртқы істер министрі Кавагучи ханым бастамашы болған жоба. Осы алаң арқылы серіктестігімізді одан әрі нығайтатынымызға сенімдімін.