«Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Былтыр қазақстандықтар кітапханаларға 57 млн мәрте барды. Бұл бір жыл бұрынға көрсеткіштен 4 пайызға көп.

Бұған кітап үйлерінің көбеюі себеп. Айталық, үш жылдың ішінде 150 мәдени нысан салынды және 755 орталық күрделі жөндеуден өтті. Астана мен Алматыда тәулік бойы қызмет көрсететін кітапханалар ашылды. Сондай-ақ жыл санап тың туындыларды сатып алушылардың да саны артып келеді. Мәселен, елде онлайн кітап саудасы 50 пайызға артқан. Бұл жайлы «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздарын марапаттау сәтінде айтылды. Іс-шараға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, танымал жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Айталық, аталмыш жобаға 8 айда жалпы саны шамамен 2 млн кітап оқыған 190 мыңға жуық адам қамтылды. Байқауда барлығы 462 адам жеңімпаз атанды. Оның 156-сы – бірінші орын иегерлері. Олардың бәріне алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Қазір 23 сәуірді – Ұлттық кітап күнін ел болып атап өтуді игі дәстүрге айналдырдық. Сонымен қатар, бүгін Президент халқымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, алдағы екі аптада оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы Жарлыққа қол қоятынын айтты. Кітап оқитын ұлтқа айналу – мемлекеттің мәдени-рухани өркендеуінің төте жолы. Кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеу – елдің интеллектуалдық капиталына салынған ең тиімді инвестиция. «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы осы мақсатты көздейді. Жобаның басты миссиясы – елімізді әлемдегі ең көп оқитын он елдің қатарына қосу.