Қазақ - Катар байланысы тереңдеді
Қазақстан мен Катар арасындағы сауда-экономика, инвестиция және мәдени- гуманитарлық байланыс тереңдеп келеді.
Кейінгі жылдары шығанақ мемлекеті біздің елдің экономикасына 1 жарым млрд доллар қаржы салды. Дохада Қазақстанның мәдениет күндері өткізіліп, халықаралық қатынастар жанданды. Бұл – екі ел басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластық нәтижесі. Енді бірлескен бастамаларды одан әрі ілгерілету міндеті тұр. Осы мақсатта Премьер-Министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қатарға ресми сапармен барды. Дохада әріптесі шейх Мұхаммед бен Абдул Рахман Әл Танимен кездесіп, стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен даму барысын талқылады. Ермек Көшербаев «Қатарды Қазақстанның араб әлеміндегі жақын әрі сенімді серіктесі», - деді. Ресми Астана Доханың өңірде тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған күш- жігерін қолдайды. Бейбіт келіссөздер үшін арнайы алаң ұсынуға дайын екенін де атап өтті. Бір айта кетерлігі, екі ел арасында туристік ағын артқан. Тікелей әуе рейстеріне сұраныс жоғары.
Арман Исағалиев, Қазақстан Республикасының Қатардағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
- Катар Қазақстанда көптеген секторға кіріп жатыр. Телекоммуникация, банк секторына. Ең бастысы, газ өндіру зауыттарын салу, «Бейнеу-Бозой-Шымкенттің» екінші торабын салуға үлкен көмек беріп жатыр. Сондықтан бұл сапардың маңызы ерекше. Инвестиция бойынша Катар топ бестіктің ішіне кірді. Болашақта Қатар компаниялары тағы 20 млрд құюға ниетті.
Жалпы қатарлық бизнес өкілдері Қазақстанмен ортақ жобаларды көптеп іске асыруға бейіл. Солардың бірі Мутаз Әл-Хаят. Ол басқаратын компания еліміздегі бірқатар салаға қомақты инвестиция құйып, газ өңдеу, тасымалдау және электр қуатын өндіру бағытында қарқынды жұмысқа кірісіп кетті. Бұл ауқымды жобалар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады. Бұған қоса тағы бір жергілікті кәсіпорын Каспий теңізі арқылы жүк транзитін ұлғайту мен cпорт инфрақұрылымын кеңейтуге қызығушылық білдіріп отыр. Бастама кең талқыланып, жүзеге асыру жолдары таразыланды. Тараптар өзара іс- қимылды жалғастыратын болып келісті.