Бәйгеден Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды
Алматы ипподромында өткен дүбірлі дода төрт қашықтық бойынша өтті.
Ел біріншілігіне 150-ге жуық жүйрік қатысты.
Алматы ипподромы бәйге десе делебесі қозатын көрерменге лық толды. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін осында жүр. Финалдың шымылдығын қысқа қашықтыққа шапқан ұшқыр аттар жарысы ашты.
Одан соң қолтума құнандар мен шетелден келгендер жарыс жолына шықты. Олардың әрқайсысы бөлек жарысты. Қазақстанда туған 18 тұлпардың арасынан Санжар Өмекей тізгіндеген Сұлуқасқа суырылып шығып, мәреге бірінші жетті. Ал шетелдік тұлпарлар бәйгесінде Қуат Абсалямов баптаған Авиация бірінші келді. Бұл жолы құнан бәйгеден Алматы облысы қарсылас шақ келтірмеді.
Қанат Көпбаев, Қазақстан бәйге федерациясының президенті:
- Бұның алдында сегіз іріктеу кезеңі өтті. Бүгін осы финал жүріп жатыр. Менің ойымша, өзіңіз көріп отырсыздар, бәрі мықты жүріп жатыр. Адамдар да келіп көріп жатыр. Енді ең бірінші, бәйгеміз аман-есен болып, балаларымыз, шабандарымыз аман болсын.
Құнан бәйге аяқталған соң топ бәйге басталды. Оған елдің әр өңірінен 22 сәйгүлік қатысты. Сайыстың әр айналымы тартысқа толы болды. Дегенмен, Ержан Екібаевтың Мәмлүгі шын мықты екенін дәлелдеп, чемпиондық атақты сақтап қалды. Ол екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанды.
Нұрдин Тәтібеков, топ бәйгеден Қазақстан чемпионы "Мәмлүктің" бапкері:
- Ат өзі тек бірқалыпты шабатын ат. Тек қана осылай алдыға шығып, бірқалыпты шабады. Айтады ғой бап пен бақ бірге шабады деп. Сондықтан енді барлығы баптауға да, аттың өзіне де байланысты. Екі жақтан да елу де елумен келді деп ойлаймын.
Ернұр Рысбай, тілші:
- Алматы ипподромында дүбірлі доданың ең қызықты жарысы Аламан бәйгесі өтіп жатыр. Оған қатысатын шабандоздар 25 шақырымды бағындыруы тиіс. Бұл жарыста тұлпардың шабысымен қатар шабандоздың тактикалық шеберлігі сыналады.
Аламан бәйгеде павлодарлық Жасыбай Нығмановтың асығы алшысынан түсті. Оның тұлпары «Айман» осы жылы Қырғызстандағы Көшпенділер ойынын жеңген. Енді Қазақстан чемпионатын ұтты.
Жасыбай Нығманов, аламан бәйгеден Қазақстан чемпионы "Айманның" иесі:
- Қуанышымыз шексіз. Былтыр сәл болмай қалды, екі боп қалғанбыз. Енді биыл чемпионатты ұтып, қуанып жатырмыз бәріміз. Тренер, жокей, үй іші, бала-шаға – бәрі қуанып жатыр. Осы үшінші бәйгесі бірінші болып жатқан. Алдында Семейде болдық. Сосын Көшпенділерде ұтты. Сосын бүгін.
Дүбірлі доданы Аламан бәйгесі қорытындылады. Желмен жарысқан жүйріктер 35 шақырымға шапты. Тұлпармен қатар шабандоздың төзімі сыналды. Финалдық сайыста Алматы облысынан келген Әбумансұр Мержанұлы "Ақбақайды" тізгіндеп, дара шықты. Оны жарысқа Мұрат Қозыбаев қосты. Аламан бәйгесінің нәтижесі бойынша 7 қатысушы марапатталды.
Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов