Қазақстан елшілігінде 5 мың адам қонақ болды

Вашингтондағы Қазақстан елшілігі АҚШ астанасының Passport DC атты халықаралық мәдени шарасына қатысты.

Биыл дипмиссия ғимаратына 5 мыңнан астам қонақ келіп, елімізбен етене жақын танысуға мүмкіндік алды. Бағдарламаның осы жылғы ерекшелігі – қазақтың салт-дәстүрлеріне басымдық берілген. Шетелдіктер тұсау кесу, беташар, сырға салу сынды рәсімдерді жақыннан көріп, ұлттық киімдерді киіп суретке түсті. Шара барысында келушілер үшін киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар да ұсынылды. Би биленіп, күй күмбірледі. Сондай-ақ елшілік ішінде Қазақстан табиғаты мен тарихына арналған фотокөрме, музейлік бұйымдар экспозициясы мен ұлттық өнімдер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Келушілер интерактивті форматта толғандырған сұрақтарын қойып, Қазақстанға саяхаттап келудің жолдарын білуге асықты.

Норма, шара қонағы:

- Маған тұсаукесер рәсімінің қадір-қасиеті жайлы ақпарат алу ерекше қызықты болды. Жас баланың аяғындағы ала жіпті кесу, оны жетектеп жүргізіп, соңында оған болашағына қатысы болуы мүмкін затты таңдататынына куә болдым. Бұл дәстүрдің әр элементінде зор мағына бар екен.

Ибраһим, шара қонағы:

- Қазақстан елшілігіне бірінші рет келіп тұрмын. Бәрі ұнап жатыр. Әсіресе мына әдемі шапанды киіп көргеніме сондай қуанып тұрмын. Интернеттен көріп, қызығып жүретінмін. Сіздердің елде таулардың табиғаты ерекше көркем екенін білемін. Жылқылар да мәдениеттің маңызды бөлігі саналады екен. Енді Алматыға саяхаттап барсам деген ойдамын.

Кэйла, шара қонағы:                     

- Вашингтондағы елшіліктер мерекесіне биыл екінші рет келіп отырмын. Жыл бойы асыға күткен фестивалім десем артық болмас. Арнайы жоспар құрып, таңнан бері серуендеп, Қазақстан елшілігіне де келдім. Ұлттық киімдер мен дәмді тағамдар ерекше есте қалды.