О. Бектенов Қызылорда облысының жаңа әкімін таныстырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Олжас Бектенов Қызылорда облысының жаңа әкімін таныстырды.
Мәслихат депутаттарының жиналысында Мемлекет басшысының облыс әкімі лауазымына екі кандидатты ұсыну туралы хаты оқылды. Ашық дауыс беру нәтижесінде депутаттардың 81 пайызы Мұрат Ергешбаевтың кандидатурасын қолдады. Ал 19 пайызы Ардақ Зебешевке дауыс берді. Олжас Бектенов өңір активімен кездесуде Мемлекет басшысының атынан Нұрлыбек Нәлібаевқа аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4 жылда екі есе артып, 3,7 триллион теңгеге жетті.
Премьер-министр жаңа аймақ басшысының алдында бірқатар басым міндет тұрғанын айтты. Атап айтқанда, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының нәтижелі жүзеге асырылуын қадағалау, экономика салаларын әртараптандыру және цифрландыру, инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сынды міндеттер жүктелген. Үкімет басшысы халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін жобалардың тұрақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне назар аударды.