Қазақстан-Түркия: ынтымақтастық байланыс артып келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді.

Мемлекет басшысы Түркияның Қазақстан үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес екенін атап өтіп, тамыры терең байланыстар қос халықтың мызғымас достығын одан әрі нығайтуға ықпал етіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, президент екі елдің экономикалық ынтымақтастығы артқанын, Түрік елі – негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі екенін де тілге тиек етті. Осы уақытқа дейін Түркия Республикасынан елімізге 6 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылған. Қазақстанның бауырлас елге құйған инвестиция көлемі де ұлғайып, 2 жарым миллиард долларға жуықтаған. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 9 пайызға өсіп, 5 жарым миллиард доллардан асқан. Дегенмен, президент Қазақстанның Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін көбейте алатынын да атап өтті.