Анадолыдан Арқаға: саудадағы серіктестікке серпін

Қазақстан мен Түркия сауда айналымын 3 есе арттырып, 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті. Біздің тарап қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын.

Бұл туралы Режеп Тайип Ердоғанның Астанаға жасаған мемлекеттік сапары аясында айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды қадірлі бауырым деп атап, құшақ жая қарсы алды. Жүздесудегі жылы рай, жемісті кездесуге ұласты. Екі ел 50 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың құны 4 миллиард долларға жетеді. Жақын жылдары бұл көрсеткіш еселенуі мүмкін. Түрік компаниялары қандай зауыт ашуға ниетті? 

Бүгін Астана мамыражай. Апта басындағы салқын сейіліп, аспан шайдай ашылды. Ашық аспанды жақсыға жоритын халықпыз, тиісінше күннің өзі қонақ күтуге қарайласқанын қараша оң қабылдады. Кешелі бері елордада саяси қарбаласы күшейді. Арқа төріне алыс Анадолыдан атажұртына асыққан түрік бауырлар келді. Елге жеткен Ердоғанға ерекше құрмет көрсетілді. Қазақтың кең пейілі кіріберістен басталып, төрге дейін жалғасты. Бұл - ресми рәсім һәм құр хаттамаға сыймайтын сапар. Мұнда тілі мен ділі, тарихы мен түбі бір халықтың тағдыры жатыр. Сол үшін Президенттер көп кідірмей делегациямен танысуға кірісті.

Жеке кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қонаққа ілтипат көрсетіп, сапардың өте маңызды екенін тілге тиек етті. Екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ. Демек, серіктестікке серпін беруге жол ашық. Бұл сөзді Түркия басшысы да құптап, сапардың нәтижелі боларына сенім білдірді. Саясаткерлер жеке әңгімелескеннен кейін, келіссөзге делегациялар қосылды. Осылайша, Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Екі елдің экономикалық ынтымақтастығы күшейе түсті. Түркия ірі инвесторларымыздың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 миллиард долларға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі – негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі.

Сауданың сипаты осындай. Былтыр тауар айналымы 5 млрд доллардан асты. Экспорт 4 млрд долларға жуықтаса, импорт 2 млрддан асады.

Тауар айналымы - $5.41 млрд

Экспорт - $3.9 млрд                Импорт - $2.39 млрд

Мыс                                               Дәрі-дәрмек

Мұнай                                           Киім-кешек

Алюминий                                    Шоколад

Отырыста Қазақстан 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Оның жалпы құны 600 миллион доллардан асады. Жан-жақты таразыдан кейін тарптар алыс берісті арттыруға келісті. Сөз арасында Президент ерекше декларация жайлы айтты. Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік құжат ретінде бекіді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын дамытуға тың серпін беретіні анық. Бұл мәселе бойынша екі елдің де ниет-тілегі – бір, сондықтан әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де мол деп айтуға толық негіз бар. Сіздің салиқалы, сарабдал саясатыңыздың нәтижесінде Түркияның әлемдегі ықпалы мен беделі арта түсті. Түрік елі қуатты экономика мен салмақты дипломатияның арқасында Еуропа мен Азияны, күллі түркі дүниесін жалғаған алтын көпір ретінде танылып отыр.

Ал енді бірлескен жобаларға келсек. Tiryaki Agro елде глютен мен крахмал өндірісін қолға алса, Alarko Holding жылыжай кешенін салып жатыр. Енді біздің тарап Түркияға ауыл шаруашылығын жандандыруды құжат ретінде бекітуді ұсынды. Содан кейін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жобаларға белсенді атсалысуға шақырды.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

- Қадірлі бауырыммен өткізген кездесуде саудадан бастап энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы көптеген тақырыпта пікір алмастық. Біз сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық. Инвестиция саласында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз.

Түркия туризммен танымал. Қазақстан осы бағытта байланысты күшейтуге мүдделі. Білімде де байланыс бекем. Соның бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп. Түркия Президентінің сапары аясында білім ордасының ашылу рәсімі өтті. Оқу ошағы Газиантеп провинциясының Нурдагы қаласында орналасқан. 32 бастауыш және 4 мектепке дейінгі сынып қарастырылған. Бұл бастаманы 2023 жылы болған жойқын зілзала болған кезде Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген еді. Әрі қарай Президенттер екі ел бірлесе іске асырып жатқан бірқатар инвестициялық жобаларды тыңдады. Абай облысында Miryıldız  компаниясы кен байыту комбинатын салуға ниетті. Іskefe Holding Алматыда желатин шығаруды жоспарлап отыр.  S Sistem Lojistik компаниясы Ақтөбе халықаралық әуежайы аумағында логистика орталығын салып жатыр. Ал Tiryaki Holding Астанада бидай мен асбұршақты терең өңдейтін зауыт құрылысына кірісті. Аталған жобалар аясында елімізге 920 миллион доллардан астам инвестиция тартылып, 3100-ден аса жұмыс орны ашылмақ.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- бүгінде түрік компанияларының қатысуымен ел экономикасының түрлі секторында 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын баяндады. Олардың жалпы сомасы – 4 миллиард доллар шамасында. Қазіргі кезде құны 4 миллиард долларды құрайтын тағы 50 бірлескен жобаға қатысты жұмыс жалғасуда. Бұл Қазақстан мен Түркияның инвестициялық ықпалдастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Сапар аясында бір декларация, екі құжатқа қол қойылды. Оған қоса тараптар оннан аса құжатпен алмасты. Бұл келісімдер көкжиегі кең болғанын көрсетеді. Уағдаластықтар жай-жапсарын саясаткерлер журналистерге берген брифингінде толық тарқатты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан-Түркия бизнес форумы екі елдің сауда-экономикалық ықпалдастығына тың серпін береді деп сенеміз. Біз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайынбыз. Сондықтан түрік компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі стратегиялық жобаларға атсалысуға шақырамыз

Қазақстан инвесторларға қолайлы климат ұсынады. Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстанда барлық меншік түріне кепілдік беріледі. Соның ішінде шетелдік меншік пен инвесторлардың құқығы жан-жақты қорғалады. Бұған қоса, түрік бауырларымызға Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдануға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер беріледі. Қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы арта түскені анық.

Саудадағы серіктестікке серпін беру үшін жүк жөнелтуді арттыру керек. Былтыр тасымал теміржол арқылы 35 пайызға, автокөлік арқылы 5 пайызға ұлғайды. Қасым-Жоамарт Тоқаев екі елді Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір деп, ортақ игілікті  барынша тиімді пайдалануға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қадірлі Режеп Тайип Ердоған мырзамен нақты жобалар арқылы «Орта дәліздің» әлеуетін арттыруға уағдаластық. Бұл қос халықтың мүддесіне толық сай келеді. Осы ретте, әуе тасымалы мен «cargo» саласының маңызы ерекше екенін айта кету керек. TAV Airports Holding компаниясы Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретінде дамытуды көздеп отыр. Біз бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз.

Келіссөзде энергетика кешеніне қатысты мәселелерге басымдық берілді. Түрік компанияларының кен орындарын игеру, металды қайта өңдеу және құйма өндірісі саласындағы тәжірибесі мол. Осы салада байланыс нығаяды. Ақпараттық технологияларды дамыту, экономиканың түрлі саласында озық цифрлық тәсілдерді қолдану да қаралды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Kaspikz компаниясы Түркияның Hepsiburаda компаниясының жұмысын жандандырады. Ал Freedom Holding Түркия нарығында цифрлық экожүйе мен брокерлік қызметті қалыптастырады. Сондай-ақ «Борса Ыстанбұл» түрік биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығы меморандумға қол қойды.

Режеп Тайип Ердоғанның да келіссөздерге көңілі толады. Түркия Президенті екі елдің іскерлік орталары арасындағы ықпалдастықты арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

– Жібек жолының бүгінгі баламасы ретінде Каспий арқылы өтетін Орта дәліздің маңызы күн санап артып келеді. Біз Қазақстанмен және басқа да серіктестерімізбен бірге бұл дәлізді тауар тасымалын ілгерілету үшін ынталандыруды жалғастырамыз. Жерорта теңізінен Орталық Азияға дейінгі аумақта тілде, пікірде, істе бірлік ұранымен байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз.

Режеп Тайип Ердоған түркі әлемінің мәдени қазыналарын, ұлы тұлғалардың идеялары мен рухани мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттауды ортақ жауапкершілігіміз деп атады. Оған қоса қос тарап мәдени гуманитарлық бағытта байланысты күшейтуге уағдаласты. Атап айтқанда, Астана мен Алматыда «Маариф» қорының екі мектебін ашу туралы меморандумға қол қойғанын айрықша атап өтті. Бұл мектептердің құрылысына тиісті жер телімдерін беру жөнінде тапсырма берілді. Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің жанынан Түркияның Гази университетінің филиалы жұмыс істей бастайды. Алдағы уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркияда филиал ашуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Досқан Қораз