Сарапшы: Түркістан саммиті - жаңа дәуірдің бастауы
Анкара сарапшыларының басты назары ертең Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне ауады.
Түркиялық мамандар бұл басқосуды түркі әлемінің саяси ғана емес, технологиялық бағытын да айқындайтын тарихи кезең деп бағалап отыр. Исмаил Гаспыралы атындағы сыртқы саясат институтының директоры Эсма Өздашлының айтуынша, Түркістандағы саммитте жасанды интеллект пен цифрлық даму тақырыбының күн тәртібіне шығуы түркі әлемі үшін үлкен маңызға ие. Бүгінгі халықаралық жүйеде мемлекеттердің қуаты табиғи ресурстармен емес, цифрлық технология, деректер экожүйесі және жасанды интеллект әлеуетімен өлшенеді. Сондықтан түркі мемлекеттері ортақ цифрлық кеңістік қалыптастыру, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және Орта дәліздің технологиялық инфрақұрылымын дамыту сияқты стратегиялық бағыттарға басымдық беріп отыр - дейді сарапшы.
Эсма Өздашлы, Сыртқы саясат институтының директоры, Ұлттық қозғалыс партиясы төрағасының бас кеңесшісі:
- Түркі мемлекеттері техонологиялық дәуірге бейімделуі үшін маңызды қадамдар жасалып жатыр. 2040 жылға арналған «Түркі мемлекеттері ұйымының бағдарламасы» қабылданды. Құжатта киберқауіпсіздік, цифрлық саладағы серіктестік сияқты көпжақты ынтымақтастық бағыттары айқын жазылған. Сондықтан бұл кездесу түркі әлемінің ұзақ мерзімді мақсаттарының бір бөлігі ретінде қарастырылуы мүмкін. Қазақстан — түркі әлемі үшін өте маңызды мемлекет. Түркия Президенті Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары саяси диалогты ғана емес, технология, логистика, энергетика және Орта дәліз бағытындағы стратегиялық ынтымақтастықты күшейте түседі деп ойлаймын.