Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді – сарапшы пікірі

Фото: depositphotos.com

Жақында ХВҚ ескерту жасады: инфляция үдеп келеді, ал Таяу Шығыстағы қақтығыс 2027 жылға дейін созылатын болса, әлемдік экономика үшін «әлдеқайда ауыр салдарға» алып келуі мүмкін.Созылмалы эскалация Қазақстан экономикасына қазірдің өзінде қалай әсер етіп жатыр? Ел үшін қандай тәуекелдер мен мүмкіндіктер туындайды? Бұл туралы Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина айтып берді, деп хабарлайды «24KZ».

Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанға аймақпен тікелей сауда арқылы емес, жаһандық макроэкономикалық арналар арқылы әсер етеді: мұнай бағасы, экспорттық бағыттар, инфляция, теңге бағамы, инвестициялық күтулер мен логистика арқылы.

«Бір қарағанда шиеленістің күшеюі Қазақстан үшін мұнай экспорттаушы ел ретінде тиімді көрінеді. Brent бағасының жоғары болуы экспорттық түсімді, бюджетті, Ұлттық қорды және ішінара теңге бағамын қолдайды. Алайда бұл әсердің тек ең айқын бөлігі ғана», – дейді Жаналина.

Оның пікірінше, Қазақстан үшін үш фактор аса маңызды: мұнай бағасы, экспорт көлемі және логистика құны. Егер мұнай қымбаттағанымен, жеткізілім көлемі қысқарып, тасымал шығындары өссе немесе маршруттарға шектеулер қойылса, экономика үшін оң әсер тез әлсірейді.

«Мысалы, экспорт көлемі 10%-ға қысқарса, экспорттық түсім бұрынғы деңгейде сақталуы үшін мұнай бағасы шамамен 11%-ға өсуі керек. Ал көлем 15%-ға азайса, бағаның шамамен 18%-ға өсуі қажет болады, ал 20%–25% төмендеген жағдайда одан да жоғары өсім керек».

Қазақстан үшін Brent бағасының өзі ғана емес, мұнайды қандай бағыттармен, қандай көлемде және қандай netback-пен, яғни тасымал шығындарынан кейінгі таза бағамен экспорттай алатыны да маңызды.

«КҚК мен Атырау–Самара бағыты бойынша іркілістер логистикалық мәселенің қаншалықты тез өндіріс, экспорт және валюталық түсім мәселесіне айналатынын көрсетті», – дейді қаржыгер.

Тағы бір маңызды қауіп – инфляция. Жаналинаның айтуынша, ұзаққа созылған қақтығыс энергоресурстарға, азық-түлікке және импорттық тауарларға әлемдік жоғары бағаларды сақтап, логистика, жеткізу және сақтандыру құнын арттыруы мүмкін. Қазақстан үшін бұл импортталатын инфляция қаупін білдіреді.

Сонымен қатар Қазақстандағы инфляция тек сыртқы факторлардың әсерімен қалыптаспайды.

«2026 жылдың сәуірінде Қазақстандағы жылдық инфляция 10,6% болды: азық-түлік бағасы 11,3%-ға, азық-түлік емес тауарлар 11,7%-ға, қызметтер 8,9%-ға қымбаттады. Мұндай жағдайда Таяу Шығыстағы ахуал Ұлттық банк үшін қосымша инфляциялық тәуекелге айналып, ақша-несие саясатын жұмсарту мүмкіндігін шектейді», – деп түсіндіреді сарапшы.

Теңгеге қосымша қысымды инвесторлардың тәуекелден жаһандық түрде қашуы да тудыруы мүмкін. Геосаяси тұрақсыздық кезеңінде капиталдың бір бөлігі доллар мен басқа да қорғаныс активтеріне ауысады. Доллар бұрынғыдай абсолютті «қауіпсіз айлақ» болмаса да, әлі де негізгі өтімділік валютасы болып қала береді.

Қалыпты жағдайда қымбат мұнай экспорттық түсім арқылы теңгені қолдайды. Бірақ қазір бағам тек Brent-ке ғана емес, қысқа мерзімді қаржы ағындарына да байланысты.

Осындай факторлардың бірі – carry trade: жоғары базалық мөлшерлеме теңгелік құралдарды шетелдік инвесторлар үшін тартымды етеді. Олар долларды сатып, теңге алып, қаражатты жоғары табысты активтерге, ең алдымен мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырады. Бұл теңге бағамын уақытша қолдауы мүмкін, бірақ сыртқы белгісіздік күшейсе, мұндай позициялар тез жабылып, долларға сұраныс пен теңгеге қысымды арттыруы ықтимал.

«Сонымен қатар Қазақстан ең осал жағдайда тұрған жоқ: Ұлттық банктің халықаралық резервтері мен Ұлттық қор активтері сыртқы күйзелістер кезінде маңызды буфер болып қала береді. Бірақ бұл қаражат бағамды бір деңгейде ұстап тұру үшін емес, күрт ауытқуларды жұмсарту үшін қажет,» – дейді сарапшы.

Қазақстан үшін бүгін тек мұнай бағасын ғана емес, экспорттық бағыттардың тұрақтылығын, әлемдік экономиканың жағдайын, инфляцияны, резервтерді және жаңа сыртқы тәуекелдерге бейімделу қабілетін бақылау маңызды.

ХВҚ-ның 2026 жылғы 5 мамырда IDN Financials жариялаған деректері бойынша.