Қазақстанда сайлау ережесі өзгерді: Дауыс беру парағын суретке түсіргендер жауапқа тартылуы мүмкін
Парламент сайлау жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжатқа сай, алдағы сайлау науқандарында бірқатар маңызды шектеулер мен өзгерістер енгізіледі деп хабарлайды «24KZ»
Негізгі өзгерістер:
Бюллетенді суретке түсіруге тыйым салынады: Сайлау күні толтырылған бюллетенді фото-видеоға түсіруге және желіде таратуға тыйым салынады. Бұл әрекет заңсыз үгіт-насихат жүргізумен теңестіріледі.
Кандидаттарға жаңа шектеу: Енді бір тұлға бір мезгілде әрі депутаттыққа, әрі әкімдікке үміткер бола алмайды. Сондай-ақ бір уақытта бірнеше округтен әкімдікке түсуге тыйым салынды.
Әкім сайлауындағы теңдік: Егер үміткерлердің дауыстары тең шықса, қайта дауыс беруді өткізудің нақты тәртібі бекітілді.
Әлеуметтік желідегі үгіт-насихат: Кандидаттарға үгіт материалдарын әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарында жариялауға ресми рұқсат берілді. Алайда ресми сайлау қорынан тыс сырттан қаржы тартуға тыйым салынады.
Вахташылар үшін мүмкіндік: Үздіксіз өндіріс орындары мен вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы сайлау учаскелері құрылады.
Сонымен қатар, сайлау барысында заң бұзылса, Орталық сайлау комиссиясы сол учаскедегі дауыс беру қорытындысын жарамсыз деп тануға құқылы. Заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.