Армияға жаңа қолдау: әскерилердің жалақысы үш есе өседі
Мәжілісте әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіруге бағытталған заң жобасы қаралды. Құжатта әскери қызметшілердің әлеуметтік төлемдерін арттыру, бітімгерлік миссияларға қатысты нормаларды нақтылау және арнайы бөлімшелердің мәртебесін айқындау мәселелері қамтылған, деп хабарлайды «24KZ».
Заң жобасына сәйкес, төтенше жағдайлар мен терроризмге қарсы іс-қимылдарға тартылатын әскери қызметшілердің ақшалай қамтылымы үш есеге дейін ұлғаюы мүмкін.
Халық қалаулыларының айтуынша, төлемдерді арттыру – әлеуметтік қолдау тетігі.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек бұл өзгерістердің стратегиялық маңызына тоқталды.
«Қарулы күштеріміз қуатты болмайынша, мемлекет те мықты бола алмайды. Ал қуатты армия әскери қызметшілерге лайықты көзқарассыз, заманауи қорғаныс тетіктерінсіз және тиімді құқықтық реттеусіз қалыптаспайды», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Атап айтқанда, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейту, халықаралық әскери ынтымақтастықты дамыту және Қарулы күштердің кадрлық әлеуетін арттыру көзделген.
«Мұндай міндеттер жоғары қауіппен, үлкен жауапкершілікпен және адам өміріне тікелей қатермен байланысты. Сондықтан көзделген үш еселенген төлем – артықшылық емес, әділ өтемақы тетігі», – деді Болат Керімбек.
Сонымен қатар, бітімгерлік миссияларға қатысты төлемдерді реттеу ұсынылды. Заң жобасында Қазақстандық әскери қызметшілерге БҰҰ тарапынан бөлінетін қаражатты тікелей төлеу мәселесі де қарастырылды.
«Арнайы операциялар күштері – жоғары мобильді және кәсіби даярланған бөлімше. Олардың мәртебесі нақты құқықтық нормалармен бекітілуі тиіс», – деді депутат.
Халық қалаулыларының пікірінше, бұл заң жобасы әскери қызметтің беделін арттырып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ, ол әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіруге бағытталған.